
Аяқталған апта іші тығыз әрі ерекше өтті.
Наурызбай ауданының алтын құрсақты аналарын құттықтауға да мүмкіндік туды. Сіздердің еңбектеріңіз, төзімдеріңіз бен аналық махаббаттарыңыз — өлшеусіз. Сіздер Қазақстанның демографиясын арттырып қана қоймай, елдің ертеңін тәрбиелеп отырған ардақты аналарсыздар. «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары — қоғамға қосқан баға жетпес үлестеріңізге деген шынайы құрметтің белгісі.
Наурызбай ауданы — жас әрі қарқынды дамып келе жатқан аудан. Аудан құрылғаннан бері 525 ана мемлекеттік наградаға ие болды: 104 ана — «Алтын алқа», 421 ана — «Күміс алқамен» марапатталды. Әрбір санның артында — үлкен отбасы, ұйқысыз түндер мен тынымсыз еңбек жатыр.
Құрметті аналар! Үйлеріңіз әрдайым берекеге, жылулыққа және балалардың шат күлкісіне толы болсын. Балаларыңыз үміттеріңізді ақтап, елге қызмет ететін үлгілі азамат болып өссін. Біз де өз тарапымыздан тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру үшін мектептер, балабақшалар, ойын алаңдары мен заманауи медициналық нысандар салу жұмыстарын жалғастыра береміз.