Медеу ауданында “Таза көшелер” науқаны аясында абаттандыру жұмыстары қарқын алды

Медеу ауданында “Таза көшелер” науқаны аясында абаттандыру жұмыстары қарқын алды

Медеу ауданында “Таза көшелер” науқаны аясында абаттандыру жұмыстары қарқын алды

Алматы қаласында “Алматы — біздің ортақ үйіміз” кампаниясы шеңберінде Медеу ауданында кең ауқымды “Таза көшелер” науқаны жүргізілуде. Бұл туралы Медеу ауданы әкімі аппаратының көріктендіру бөлімінің басшысы Мәкей Абылай “Almaty.tv” арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Науқанның басты мақсаты — аудан аумағын абаттандыру, санитарлық тазарту және көркейту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу. Осы жұмыстарға 200-ге жуық жұмысшы мен 80 арнайы техника жұмылдырылған. Бүгінгі таңда аудандағы негізгі магистральдық көшелермен қатар саябақтар, гүлзарлар, жаяу жүргіншілер жолдары мен арық жүйелері тазаланып, ретке келтірілуде.

“Көктемгі абаттандыру жұмыстарының маңызды бағыты — жолдарды жөндеу. Қазіргі таңда аудан аумағында шұңқырлы жөндеу жұмыстары басталып, арық жүйелері мен жиектастар қалпына келтірілуде. Біздің басты мақсатымыз — аудан тұрғындарына таза, көркем және жайлы орта сыйлау. Осыған орай барша қала тұрғындарын, соның ішінде ауданымыздың белсенді азаматтарын осы игі іске атсалысуға шақырамыз”, — деді Мәкей Абылай.

Медеу ауданы әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстардың көктем маусымында ғана емес, жыл бойы жалғасатынын атап өтті. Тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері де ескеріліп, қаланы көркейтуге қатысты барлық мәселелер кезең-кезеңімен шешілмек.