Ұлттық кітап күніне орай Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрында «Орман ғажайыптары» спектаклінің премьерасы өтті. Көркем туынды неміс жазушысы Отфрид Пройслердің «Кішкентай мыстан» повесінің желісімен сахналанды. Қойылым барысында кітап маңызды элементке айналып, декорациядан бастап сценографияға дейін «кітап театры» форматында көрініс тапты.
Басты кейіпкер – жақсы сиқыршы болуды көздеген Кішкентай Баба Яга. Оның бейнесі арқылы спектакльде мейірімділік, еркіндік, батылдық, жауапкершілік, еңбекқорлық, білімқұмарлық сынды маңызды тақырыптар көтеріледі. Славян халықтарының мифологиясынан бастау алатын бұл кейіпкер спектакльде жаңа қырынан ашылып, заманауи сипатқа ие болған. Сахнада 20-дан астам түрлі қуыршақтар көрініс тауып, соның арқасында сахнада шынайы әрі динамикалық атмосфера қалыптасқан.
Сонымен қатар, премьера аясында балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында Алматы қаласының Кітапханаларымен бірлесіп ұйымдастырылған бүлдіршіндерге арналған кітап көрмесі де өткізілді.