Ұлттық кітап күні аясында Қазақстан Жазушылар одағында жыл сайын өткізілетін «Алматының жас жазушысы – 2025» қалалық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Биылғы жылы байқауға 15–17 жас аралығындағы 173 оқушы қатысты. Олар Сапарғали Бегалин шығармаларының желісі бойынша фэнтези жанрындағы туындыларын қазақ және орыс тілдерінде ұсынды.
Қазақ тіліндегі шығармалар арасынан үздік деп танылған шығарма – Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушысы Шырайлым Айбекқызының туындысы. Ол өз әңгімесін Сапарғали Бегалиннің «Алданған жолбарыс» атты шығармасының негізінде жазған.
Орыс тіліндегі жұмыстардың ішінде ең жоғары бағаны №52 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Ренат Беккуловтың «Волшебное путешествие в мир Сапаргали Бегалина» атты шығармасы алды.
15 жасқа дейінгі авторлар үшін сарапшылар кеңесінің және қазылар алқасының шешімімен арнайы «Жас дарын – 2025» номинациясы тағайындалды. Бұл аталым бойынша 16 шығарма іріктеліп алынып, авторлар ынталандыру сыйлықтарымен және арнайы сертификаттармен марапатталды.