Қазақстандағы Саха Республикасының күндері опера көрсетілімімен қорытындыланды

Қазақстандағы Саха Республикасының күндері опера көрсетілімімен қорытындыланды

Алматыда Саха Республикасының (Якутия) күндерінің жабылу рәсімі өтті. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында толық аншлагпен өткен "Ньургун Боотур" операсы қойылды.

Қазақстан Якутия халықтарының эпикалық өнеріне негізделген Операның осындай ауқымды қойылымын көрсеткен алғашқы шет ел болды. Опера көрерменді кеңістік пен уақыт арқылы олонхо ұлттық қаһармандық эпосы әлеміне апаратын тамаша композициялар мен костюмдерімен әрленді.

Шығарма жақсылықтың салтанат құруымен тәмамдалды. Алматы жұртшылығы Саха Республикасы әртістерінің өнерін жоғары бағалап, оларды қошеметпен қарсы алды.

Сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтары "Якутия виртуоздары" скрипкашылар ансамблінің қойылымын тамашалап, “Кыыс Дэбилийэ” спектаклін және "Бейбітшілік эпостары" концерттік бағдарламасын тамашалады. 21-24 сәуір күндері Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде “Ғасырлар үні” көрмесі өткізілді және мультипликациялық, деректі фильмдер көрсетіліп, дәстүрлі якут әртістерінің шығармашылық кештері өтті.

Жабылу рәсімі барысында Саха Республикасының Мәдениет және рухани даму министрі Афанасий Ноев:
"Қадірлі Қазақстандықтар, Сіздердің ыстық ықыластарыңыз үшін зор алғыс білдіреміз. Астана және Алматы театрларының барлық залдары лық толы болды. Сіздердің қошеметтеріңіз біздің әртістер мен музыканттар үшін елдеріміз арасындағы достықтың ерекше сипаты іспетті. Біз Сіздерді Ресейде, Саха Республикасында күтеміз", - деді.