Алматыда Якутия халықтарының музыкалық аспаптары көрмесі ашылды

Алматыда Якутия халықтарының музыкалық аспаптары көрмесі ашылды

Қазақстандағы Саха (Якутия) Республикасының күндері аясында Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Якутия халықтарының музыка және фольклоры музейінің «Ғасырлар үні» жылжымалы көрмесінің ашылуы өтті.

Келушілер назарына Якутияның XX-XXI ғғ. әйгілі шеберлерінің қолынан шыққан ішекті, ұрмалы, шулы аспаптары ұсынылды. Сондай-ақ көрме дәстүрлі якут әдісі бойынша ағаш, жануарлардың терісі, мүйізі, тұяғы сынды табиғи материалдардан жасалған интерактивті шулы, ұрмалы музыкалық аспаптармен толықтырылды.

Көрменің ашылуында Саха халықтарының музыкалық аспаптары мен шеберлері жайлы лекция және музейлік фильм көрсетілді. Музейге келушілер музыкалық аспаптарда ойнап көру мүмкіндігіне ие болды.

Іс-шараның ресми бөлімінде Саха Республикасы Мәдениет және рухани даму министрі Афанасий Ноев Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне сиксир, ұруға арналған таяқшалары бар кюпсюр, джага, ытыгыйа, хомус және кырымпа кыл кылыһах аспаптарын сыйға тартты.

Салтанатты шарадан кейін музей сахнасында якут халық шебері, мәдениет үздігі, «Кыл Саха» ансамблінің мүшесі Руслан Габышевпен арт-кездесу және Қазақстан, Қырғызстан және Якутиялық дәстүрлі жанр орындаушылары қатысқан әлем эпостарының кездесу кеші өтті.

«Ел музейлерінің дамуы, ірі көлемді жоспарлардың жүзеге асыу өзара тиімді ынтымақтастыққа тікелей байланысты екенін атап өткім келеді. Біз қалыптасқан серіктестік қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз.Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың атынан Якутия халықтарының музыкасы және фольклоры музейі мен Көшпелі музей командасына сәттілік тілей отырып, саха халқының дәстүрлі өнерін сақтау және насихаттау жолында өркендеу мен толағай табыстар тілейміз», - деп атап өтті көрменің ашылу салтанатында Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.