Алматыда халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың құрметіне мемориалдық тақта ашылды

Алматыда халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың құрметіне мемориалдық тақта ашылды

2023 жылғы 21 желтоқсанда Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Ұлы Отан соғысының ардагері, көрнекті ақын, аудармашы, әдебиеттанушы Мұзафар Әлімбаевтың құрметіне мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға Алматы қаласы Мәдениет Басқармасының мәдени көпшілік іс-шаралар ұйымдастыру бөлімінің басшысы Арман Халбеков, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Нұржан Қуантайұлы, Қазақстан жазушылар одағы балалар әдебиеті секциясының төрағасы, жазушы, ғалым Нұрдәулет Ақыш, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші Еркін Нұразхан және т. б. қатысты.

Мұзафар Әлімбаев ақындық бақыты туралы айтқанда оның қазақ балалар әдебиетіне сіңірген еңбегіне тоқталу шарт. Ұзына тарихы қырық жылға жуықтаған «Балдырған» журналын Мұзафар Әлімбаев қолымен құрып, 28 жыл бас редактор ретінде басқаруы қазақ балалар әдебиеті үшін ырыс-құт болды. «Менің ойыншығым», «Отпен ойнама», «Орақ - олақ», «Шынықсаң - шымыр боларсың» тағы басқа кітаптары қазақ балалар әдебиетіне қосылған елеулі үлес болды. «Аспандағы әпке» жинағы үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілген. М. Әлімбаев мақал - мәтелдерді жинау, зерттеу, басқа халықтар мақалдарын қазақ тіліне аудару жұмыстарымен де айналысып келеді. «666 мақал мен мәтел», «Мақал - сөздің мәйегі», «Өрнекті сөз - ортақ қазына», т.б. жинақтар мен зерттеу еңбектері бар. Сын - зерттеу саласында еңбектері жарық көрді. Әлем әдебиетінің кейбір үздік шығармаларын қазақ тіліне аударды. Жазушының өлеңдері 38 тілге аударылған.

"Мұзафар Әлімбаев Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысып, алғашқы өлеңдерін осында жүріп жазған. Елге жеңіспен оралып, өмірінің соңына дейін шығармашылықпен айналысты. Көпшілікке балалар жазушысы ретінде танылып, әдеби ортада «Бала жанының бағбаны» атанды",- деді ашылу салтанатында Алматы қаласы Мәдениет Басқармасының мәдени көпшілік іс-шаралар ұйымдастыру  бөлімінің басшысы Арман Халбеков.

Мемориалдық тақта орнатылған ғимараттың мекен-жайы: Қарасай батыр көшесі, 126 (Мұқанов көшесінің қиылысы).