Алматыда көрнекті ғалым-гидрогеолог Жұрымбек Сыдықовқа мемориалдық тақта ашылды

Алматыда көрнекті ғалым-гидрогеолог Жұрымбек Сыдықовқа мемориалдық тақта ашылды

Алматыда көрнекті гидрогеолог-ғалым, гидрогеохимиялық ғылымның негізін қалаушы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҰҒА академигі Жүрімбек Сыдықовтың құрметіне орнатылған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы өтті.

Алматы қаласы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев құттықтау сөзінде Жүрімбек Сыдықовтың Қаныш Сәтбаев, Уфа Ахмедсафин, Натай Кенесарин сынды танымал ғалымдардың ізбасары болғанын атап өтті.

Мемориалдық тақта Уәлиханов көшесі 94 орналасқан, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті жанындағы У. М. Ахмедсафин атындағы  Гидрогеология және геоэкология институтының қабырғасына орнатылды, онда Жүрімбек Сыдықов 70 жылға жуық жұмыс істеді.

"Ол нағыз зиялы адам болды, әріптестері мен замандастарының терең ғылыми білімі, ізгі ниеті мен адамгершілік қасиеттері үшін үлкен құрметке ие болды. Оның еңбектері ғылыми қауымдастық пен мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, марапаттарға ие болды. Жүрімбек Сыдықовтың өнегелі өмірі мен жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Алматылықтардың атынан барша зиялы қауымды, студенттерді, ғалымның ізбасарлары мен туыстарын мемориалдық тақтаның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын", – деді Д.Әлиев.

Көрнекті ғалымды еске алуға әріптестері, туыстары мен жақындары, қоғам қайраткерлері, ғылым мен зиялы қауым өкілдері, олардың ішінде ҚР Парламенті Сенатының мүшесі Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Қ. И. Сәтбаев атындағы  Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры Мейрам Бегентаев және т. б. келді.

Жүрімбек Сыдықов 1940 жылы қазақ орта мектебін үздік бітіріп, Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты әскерге шақырылған. 1944 жылы үшінші ауыр жарақаттан кейін әскерден оралып, Қазақ тау-кен металлургия институтының геологиялық барлау факультетіне оқуға түседі.

1965 жылы ол Орал-Мұғалжар таулары мен Мұғалжар жазығының жер асты суларын ұзақ жылдар бойы зерттеу нәтижелері бойынша іргелі монография жазып, докторлық диссертация ретінде сәтті қорғаған. 35 монография, гидрогеологиялық ғылымның түрлі бағыттары бойынша 720 жұмыс жариялады.

Гидрогеология және геоэкология институтында Жүрімбек Сыдықов жасаған 124 есеп және карталар бар. Оның жетекшілігімен 11 докторлық және 25 кандидаттық диссертация қорғалды.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әскери ерлігі үшін, сондай-ақ жемісті ғылыми қызметі мен ғылыми кадрларды даярлағаны үшін бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, Халықтар Достығы орденімен және Қазақстан Республикасының 20-дан астам медальдарымен және басқа да құрметті наградалармен марапатталған.

Ғылым мен техника саласындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына, "Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері" құрметті атағына, академик Қ.И. Сәтбаев атындағы сыйлыққа, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының үлкен алтын медаліне ие болған.