Алматыда жазушы Әшірбек Сығайдың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды

Алматыда жазушы Әшірбек Сығайдың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды

Алматыда Мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай тұрған Жібек жолы даңғылындағы 126а үйде мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы өтті.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев құттықтау сөз сөйлеп, Әшірбек Төребайұлының бүкіл саналы ғұмырын сүйікті ісі - сахна өнеріне арнаған талантты ұрпақтың жарқын өкілі, қазақ театр сынының негізін қалаушылардың бірі болғанын атап өтті.

" Қазақ өнерінің шынайы жанкүйеріне ескерткіш тақта орнату– тарихи маңызды шешім. Әшірбек ағаның шығармашылық өмірі біздің сүйікті қаламен тығыз байланысты. Оның есімі, мұрасы халқымыздың жадында, шәкірттерінің есінде мәңгі қалады", - деп атап өтті А.Қырықбаев.

Сондай-ақ, әкім орынбасары Әшірбек Сығайдың "Іңкәр шақ" (1978), "Сыр сандық", "Сахнаға сапар", "Жарнама алдындағы ой", "Сахна саңлақтары" (1998), "Театр тағылымы" (2003), "Толғам" (2004), Талдықорған театры", "Театр поэзиясын пір тұтқан", "Сахна әлемі", "Актер әлемі", "Ой төрінде — театр", "Театр сардары", "Райымбек Сейтмет", "Сәбира Майқанова", "Ән — тағдыр", "Таңғажайып театр" сынды туындылары өнер саласындағы және  театр теорияларындағы басты оқулықтар болғанын атап өтті.

Ұлы сыншыны еске алуға Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Ұлықбек Есдәулет, Медетбек Темірхан, Нұрлан Оразалин, Есмұхан Обаев, Елубай Смағұл, Қали Сәрсенбай, Хафиз Есімов, Азамат Сатыбалды, Бақыт Бөқыбай, Еркін Жуасбек, Талғат Есеналиев және басқа да өнер қайраткерлері келді.