Архив – боямасыз тарих

Архив – боямасыз тарих

Архив жайлы айтқанда алдымен ойыңызға не келеді? Бәлкім, шаң басқан сөрелер мен сарғайған құжаттар көз алдыңызға елестер? Егер ойыңызды дәл тапсам, сіз архив жайлы ештеңе білмеген болдыңыз. Ендеше, архив, оның ішінде мол мұраны көздің қарашығындай қорғап отырған Алматы қаласының Орталық мемлекеттік архиві туралы айтайын.

 

Бүкіл адамзат үздіксіз даму үдерісімен алға ұмтыламыз. Алайда болашаққа бағыт-бағдар жасап, нық қадам басу үшін алдымен тарихымызды танып, өткенімізді бағамдай білуіміз маңызды. «Кеше кім едім?», «Бүгін кіммін?», «Ертең неге ұмтыламын?» деген сұрақтар әр саналы жанның жадында жүрері сөзсіз. Ал ол сұрақтардың жауабын сіз архивтен таба аласыз. Өйткені архив – сол кешегі күннің көрінісін, тарихи оқиғалар мен құбылыстардың нақты дәйегі мен дерегін жинақтап, әрі сан ғасырдың сырын бүгінгі күнге қаз қалпында жеткізетін үлкен мұра, асыл қазына. Бұл қазына жеке тұлғаның өмірі мен қызметіне қатысты деректер ғана емес, бүкіл елдің тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, әлеуметтік-экономикалық жағдайы, ішкі-сыртқы саясаты мен тарихы, рухани әлемі – әдебиеті мен мәдениеті, өнері, спорты сынды тағы басқа да сан саланың басын біріктіріп, мол дерек қорын қамтып, жәдігерлер жиынтығын жасап отыр. Әрі бұл қор үнемі жаңа дерек, мазмұнды мәліметпен толығып тұрады.

Архив қоры демекші, Алматы қаласының Орталық мемлекеттік архивінің қоры жаңа құрылған тұста Алматы облыстық мемлекеттік архивінен алынған 166 қордағы 100 248 істен тұрса, бүгінде жалпы қорда 1 237 919 сақтау бірлігі – жәдігер жиналған. Олар жүздеген жылдардың ақиқатынан сыр шертіп, шежірелі тарихты түгендеп, өткенді саралайтын құнды мәлімет пен жауһар жәдігерлер. Осыншама бағалы қазынаны құнттап жинап, сақтап, әрі қорғап отырған Алматы қаласының Орталық мемлекеттік архиві алғаш 1982 жылы ашылды.

1981 жылдың 9 желтоқсанында ҚазКСР Министрлер кеңесінің 1981 жылдың 2 желтоқсанындағы №442-р қаулысы мен ҚазКСР Бас мұрағат басқармасының 1981 жылдың 3 желтоқсанындағы №95 бұйрығына сәйкес Алма-Ата қаласы Халық депутаттары кеңесінің атқару комитетіне және ҚазКСР Министрлер кеңесі жанындағы Бас мұрағат басқармасына тікелей бағынышты Орталық мемлекеттік мұрағатын құру туралы ұсыныс жасалады. Ал 1982 жылы 29 қаңтарда қалалық атқару комитетінің №3/51 шешімімен Алматы қалалық Орталық мемлекеттік мұрағаты құрылды. Мекемеге қазіргі Төле би көшесінде орналасқан жалпы аумағы 188м2 болатын тұрғын үй бөлінген екен. Ал ондағы сөрелердің толық ауданы бар болғаны 1240 м2 болыпты. Жылдан-жылға қоры толығып жатқан архив 1998 жылы бұрынғы балабақшаның ғимаратына көшіп, сөрелер қатары сәл де болса арта түседі. Дегенмен, бұл орын архив құжаттарын сақтауға арнайы салынбағандықтан, әрі қоймалардағы тығыздықтың өрт қауіпсіздігі сынды талаптар мен санитарлық нормаларға сай болмауынан жаңа ғимаратқа деген қажеттілік арта түседі. Осыған байланысты «2006-2010 жж. архив ісінің дамуы» атты бағдарлама әзірленіп, соның аясында қаланың селден қауіпсіз аймағына бар талапқа сай заманауи технологиямен жабдықталған арнайы архив ғимараты салынды. 2012 жылдың мамыр айында қолданысқа берілген 9 қабат жаңа ғимараттың құжаттық құндылықтарды: қағаз, электрондық, таспалы сынды әр түрлі нұсқада мінсіз сақтауға мүмкіндік беретін климаттық-бақылау, өртке қарсы дабыл, газды өрт сөндіру және газдан арылту желісімен жабдықталған 18 құжат қоймасы бар. Бұл қоймаларда архив құжаттары мінсіз сақталары сөзсіз. Мұның сыртында мемлекетік архив құжаттарының сақталуын жақсарту үшін дүниежүзілік тәжірибені ескере отырып, автоматтандырылған жұмыс процестерін жолға қою да жан-жақты қолға алынған.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыра отырып, архивте сақталатын құжаттардың электрондық мәліметтер базасын құру және архив деректеріне қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік беретін электрондық-цифрлық технологияларды қолданудың маңызы мол. Осы орайда аталған бағдарламаны жүзеге асыру аясында Алматы қаласының Орталық мемлекеттік архивінің архив құжаттарын цифрландыру бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Бүгінде 42 343 іс, 5 169 816 парақ цифрландырылды.  

Электрондық құжаттардың бірыңғай архиві бағдарламасына 9 012 іс, 30 013 парақ көшірілді. Бұл – өте үлкен еңбек. Әрине, аталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Жоғарыда айтқанымыздай, бүгінде Алматы қаласының Орталық мемлекеттік архивінің 1956 қорында бас-аяғы 1 237 919 сақтау бірлігі жинақталған. Олардың дені – 650 қор басқару құжаттамасы, бұдан бөлек 125 жеке қор, 9 ғылыми-техникалық құжаттама қоры мен 1172 (жеке құрам бойынша) қор сақталған. Қалалық архив 40 жылдай қызметі барысында кеңестік кезеңнен бергі Алматы қаласы тарихының сан алуан қырларын қамтитын құжаттар мен материалдарды тұрақты және ұзақ мерзімді сақтауды қамтамасыз етіп келеді. Жыл өткен сайын архив қоры еселеп артуда. Мұны, әрине, өткен жылдар статистикасынан оңай аңғара аламыз. Ол үшін нақты сандарға жүгінсек, 2020 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Алматы қаласының Орталық мемлекеттік архиві 29 512 бірлік құжат қабылдаса, биыл дәл сол уақыттағы көрсеткіш – 37 919 бірлік.

Бұлардың арасында алыс-жақын шетелдерден жинақталған, еліміз үшін маңызды тарихи тың құжаттар мен жәдігерлер де көп екенін айта кету керек. Шетелдік архивтік және ғылыми мекемелердегі Қазақстан үшін мәдени және тарихи құнды құжаттардың көшірмесін алу мен іздестіру ісі – қандай архив болмасын, бірінші орындағы жұмыс. Осы мақсатта Алматы қаласының Орталық мемлекеттік архивінің қызметкерлері талай іссапарларға шығып, олжамен оралып жүр. Мысалға айтар болсақ, Жетісу тарихына қатысты құжаттарды анықтау барысында Қытайдың Бірінші тарихи архивінен сирек кездесетін құжаттар: XVIII ғасырдың ортасындағы картографиялық материал, Цин империясымен қазақ рулары арасында сауда-саттық байланыстарды куәландыратын құжаттардың көшірмесі алынды. Олардың ішінде Абылай хан, Әбілпейіз сұлтанның хаттары, қазақтың салт-дәстүрлері туралы мәліметтер бар қолмен жазылған «Западный край» кітабының көшірмесі де бар.

Ал 2007 жылы Алматы Орталық мемлекеттік архивінің қоры Францияның Ұлттық архивтерінен алынған құжаттармен толықты. Бұл көшірмелерде 1831-1888 жылдардағы Орталық Азия оңтүстігінің картасы, 1876-1882 жылдары Түркістанға жасалған ғылыми экспедицияның жазбалары, 1879 жылғы Жетісу облысының статистикалық деректері, ХІХ ғасырдың 70 жылдарындағы «Түркістан альбомының» суреттері бар. Бұл аталғандар – шеттен жиналған құнды деректердің тек кішкентай бір бөлшегі ғана. Дегенмен, оның өзі – еліміз бен жеріміздің өткен тарихынан мол ақпарат беретін тың деректер екені даусыз.

Архивтің негізгі мақсаты – құжаттар мен жәдігерлерді тек жинақтау мен қабылдап, сақтау ғана емес, сонымен қатар тарихи мол мұраны дәріптеп, халыққа жеткізу, әсіресе, зерттеуші мен ғалымдардың назарын аудару, елді рухани байлықпен сусындату, қоғамның өркендеп-өсуінде архивтің үлкен маңызға ие екенін көрсету, әрі қоғамның қызығушылығын оята отырып, мемлекеттік архивті ұлттық қор және зерттеу орталығы, ел тарихының қазынасы ретінде паш ету. Осы орайда архив қызметкерлері өлшеусіз еңбек етіп келеді. Олар халықтың сана-сезімін арттырып, ой-өрісін дамытатын, білім көкжиегін кеңейтетін мәліметтердің жария болуына, ел арасына таралып, өз бағасын алуына, әрі тарихи деректердің бұрмаланбай өз орнымен дұрыс пайдалануына аса мән береді.

Архивте ұйымдастырылатын халықаралық, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинар, басқосулар, көрмелер мен жекелеген тұлғалар өмірі мен қызметіне, атаулы күндерге, тарихи оқиғаларға қатысты өткізілетін түрлі іс-шаралар – соның бірден-бір дәлелі деуге болады. Мұндай жиындар халыққа архивте жатқан мол мұраны жеткізуге көп көмек бола алады. Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары мен бүгінгі күннің талабына сай әлеуметтік желілерде де архивтегі қыруар қазына мен ондағы жұмыс жайлы үнемі жазылып тұрады. Сонмен бірге архив көрсететін қызмет түрлеріне: құжаттарды басқару және сақтауды қамтамасыз ету, әдістемелік және тәжірибелік көмек ұйымдастыру, кеңес беру; ҚР Ұлттық мұрағат қор құжаттарын іріктеу мақсатында құндылықтарға сараптама жүргізу; тақырыптық, генетикалық, әлеуметтік-құқықтық сұранымдарға архивтік ақпарат беру; оқу залында архив құжаттарына және олардың көшірмелеріне анықтамалық-іздеуге бағыт беру; архивке экскурсия жүргізіп, көрме ұйымдастыру жатады.

Ал аталған қызметті жоғары деңгейде орындау үшін архивистерге білім мен біліктілік қана емес, жұмысына, халқының мұрасына, ел мен жердің тарихына, шежіреге деген адалдық, сүйіспеншілік, патротизм мен үлкен жауапкершілік сынды қасиеттермен қатар төзім мен қырағылық қажет. Тек сонда ғана өткен күннің белгісін еш бүлдірмей, болашаққа ақиқатты аманаттай алады.