
Алматыда Almaty Theatre сахнасында қала әкімдігінің қолдауымен және Халықаралық айтыскерлер, жыршы-термешілер одағының бастамасымен дәстүрлі қазақ өнерін сақтау мен насихаттауға бағытталған «БЕС АСЫЛ» республикалық ұлттық өнер байқауы өтті.
Байқаудың ашылу рәсімінде Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау хатын оқып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Кештің жүргізушісі әрі жоба авторы – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Алтай көрермендерді байқаудың тұжырымдамасы мен бағдарламасымен таныстырды.
«БЕС АСЫЛ» жобасының басты ерекшелігі – дәстүрлі қазақ өнерінің бес бағытының бір сахнада тоғысуы. Байқау аясында айтыстың түрлі жанрлары (сүре айтыс, түре айтыс, қайым айтыс, қыз бен жігіт айтысы, сондай-ақ «өтірік өлең» жанрындағы әзіл айтыстары), жыршылық пен термешілік өнері, дәстүрлі әншілік және күйшілік өнер кеңінен насихатталды.
Байқауда Алматы және Астананың командалары бақ сынады. Қатысушылар қатарында белгілі айтыскерлер, жыршы-термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілер өнер көрсетті.
Қазылар алқасына Қазақстанның халық жазушысы, Халықаралық айтыскерлер, жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман жетекшілік етті. Байқау қорытындысы бойынша Алматы қаласының командасы жеңімпаз атанып, келесі кезеңге жолдама алды.
Іс-шара соңында қатысушыларға сертификаттар, дипломдар және естелік сыйлықтар табысталды.
«БЕС АСЫЛ» республикалық ұлттық өнер байқауы – ғасырлар қойнауынан жеткен қазақ халқының баға жетпес мәдени мұрасын жаңғыртуға, мәңгілік рухани құндылықтарды дәріптеуге және ұлттық өнердің одан әрі дамуына серпін беруге бағытталған маңызды мәдени жоба.