
Петр Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде «Хасанғалиев әлемі» мәдениетті қолдау қоры ұйымдастырған даңқты композитор, әнші Ескендір Хасанғалиев атындағы IV Республикалық опера орындаушылар конкурсы аясында ерекше рухани-мәдени шара өтті. Алматы қаласының Мемлекеттік архивімен бірлесіп ұйымдастырылған «Ұрпаққа аманат» жобасы аясында қазақ музыка өнерінің көрнекті тұлғалары – Ескендір Хасанғалиев, Әбілахат Еспаев және Әсет Бейсеуовтің архивтегі жеке қор құжаттарынан құжаттық көрме көпшілік назарына ұсынылды.
Көрменің басты мақсаты – халқымыздың жүрегінен орын алған сазгерлердің өміршең шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттап, ұлттық мәдениетіміздің құндылықтарын дәріптеу. Көрмеде композиторлардың ноталық жазбалары, жеке құжаттары, сирек фотосуреттері мен шығармашылық өмірінен сыр шертетін тарихи құжаттар қойылды. Әрбір құжат – қазақ музыка өнерінің алтын қорынан сыр шертетін баға жетпес мұра. Даңқты композиторлар саналы ғұмырында өзара тығыз байланыста болып, қазақ музыка өнерінің дамуына бірге үлес қосты. Ескендір Хасанғалиев пен Әсет Бейсеуов замандас әрі шығармашылық серіктес болса, Әбілахат Еспаевпен қазақ радиосында қызметтес болып, ағалы-інілі сыйластықта болды.
Іс-шараның салтанатты ашылуына Ескендір Хасанғалиевтің жары Дарико Сопыжанқызы, ұлы Біржан Ескендірұлы Хасанғалиев, Әбілахат Еспаевтың қыздары Гүлмира және Гүлсім Әбілахатқызы Еспаевалар, сондай-ақ мәдениет қайраткерлері мен өнер өкілдері қатысты. «Ұрпаққа аманат» - ұлттық өнеріміздің ұлы тұлғаларын ұлықтап, олардың мол мұрасын келер ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды рухани жоба.