
Алматы зообағында қуанышты жаңалық — әртүрлі жұптардан бірден үш кенгуру төлі дүниеге келді. Бұл толығу зообақ қызметкерлері мен келушілер үшін жағымды тосынсый болды.
Екі төл сұр кенгурулардан — Лорд пен Лара, сондай-ақ Тик пен Линда жұптарынан туды. Лара үшін бұл алтыншы төл болса, Линда алғаш рет ана атанып отыр. Тағы бір төл сары кенгурулар Мартин мен Мартадан дүниеге келді — бұл еркек төл.
«Жыртқыш сүтқоректілер» бөлімінің жетекшісі Гаухар Сиргебаеваның айтуынша, кенгурулардың төлдеуі сырт көзге байқалмай өтеді:
«Кенгурулардың ерекшелігі — олардың туу сәтін көру іс жүзінде мүмкін емес. Төлдері өте кішкентай болып туады — ұзындығы небәрі бірнеше сантиметр ғана. Туылғаннан кейін бірден төл анасының қалтасына өздігінен кіріп, емшекке жабысып, сол жерде әрі қарай дамиды. Біз жаңа төлдің туғанын тек ол өсіп, қалтадан басын шығара бастағанда ғана білеміз. Сондықтан нақты туған күні шамамен анықталады».
Қазіргі уақытта сары кенгурудың бір төлі — еркек екені анықталды. Ал екі сұр кенгуру төлінің жынысы әзірге белгісіз.
Дәстүр бойынша Алматы зообағы барлық ниет білдірушілерді жаңа туған төлдерге ат қоюға қатысуға шақырады. Екі төлдің жынысы әлі анықталмағандықтан, еркекке де, ұрғашыға да лайық әмбебап есімдер ұсынуға болады.