
2026 жылы 18 наурызда Алматыда Ұлттық киім күніне орай Alatau Creative Hub орталығында «Этно-Fashion» ұлттық киімдер флешмобы өтті. Сонымен қатар, №20 кітапхананың ұйымдастыруымен Алматы сән және қызмет көрсету саласы колледжінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Ұлттық сезім» атты іс-шара ұйымдастырылды.
Аталған іс-шаралардың мақсаты – қазақтың ұлттық киімдерінің тарихи және мәдени маңызын насихаттау, этно-fashion бағытын дамыту, сондай-ақ дәстүрлі мұраны заманауи сән индустриясымен үйлестіру.
Іс-шараларға дизайнерлер, қоғам белсенділері және сәнге қызығатын студенттер қатысып, ұлттық мұраға деген қызығушылықтарын танытты.
Іс-шара барысында көрермендерге ұлттық киімнің мерекелік киім ғана емес, күнделікті өмірге де лайық стиль екені көрсетіліп, оның ерекшеліктері, мағынасы мен тарихы таныстырылды. Сонымен қатар, қатысушылардың танымдық деңгейін арттыру мақсатында арнайы бейне-викторина ұйымдастырылды.
Сән көрсетілімінде Qazaq-Oner ұлттық қауымдастығының президенті Айгүл Жансерікованың «Aigul Line» топтамасы, «Alatau» орталығының «Юная модель» үйірмесінің «Алаша» топтамасы, сондай-ақ Adel Model Academy және Icon Modeling агенттіктерінің модельдері өнер көрсетті.
Ал «Ұлттық сезім» іс-шарасында тігінші-дизайнер, «Ару-Ай» брендінің негізін қалаушы, «Алтын алқа» иегері Сандуғаш Мырзабекқызы ұлттық киімнің мәні мен оның қазіргі сәндегі орны туралы ой бөлісті.
Жиын соңында қатысушыларға алғыс хаттар мен кітаптар сыйға тартылды.
Аталған іс-шаралар төл мәдениетімізді дәріптеп, ұлттық нақышты заманауи стильмен үйлестіруге ықпал етеді.