
Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты Қазақ мемлекеттік циркінің жас талантты өнерпазы, цирк әулетінің жалғастырушысы, Ж.Елебеков атындағы РЭЦК студенті, 16 жастағы Салаватов Әли Ресейдің Тула қаласында өткен «На языке мира» V Халықаралық балалар мен жастар цирк өнері фестивалінде қола жүлдеге ие болды.
Аталмыш фестиваль - әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жас әртістердің шеберлігін көрсететін маңызды халықаралық алаң. Шараға жонглерлер, акробаттар, клоундар, эквилибристер және цирк өнерінің басқа да бағыттары бойынша көптеген елден дарынды қатысушылар жиналды. Биылғы фестиваль манежде 200-ден астам жас өнерпазды біріктірді.
Әлидің «Еденге соқпалы доптармен жонглёрлік өнер» атты көркем нөмірі қазылар алқасы мен көрермендерді ерекше шеберлігімен, орындау дәлдігімен және жарқын энергиясымен баурап алды. Фестивальдегі жоғары бәсекелестік деңгейі бұл жетістіктің құндылығын одан әрі арттырып, жас әртістің талантын айқын көрсетті.
«Мен үшін бұл жеңіс – жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан ерекше сәт. Қолдаған ұстаздарыма, ұйымдастырушыларға және жанкүйерлерге шын жүректен алғыс айтамын. Алдағы уақытта бұдан да биік асуларды бағындыруға ұмтыламын», - деді жас әртіс.