
Жұмыс сапары барысында қала әкімі Алматы музейіне барып, экспозициямен қатар, мекеменің қызметімен танысты. 2002 жылы құрылған музей бүгінде Жетісу өңірінің тарихи-мәдени мұрасынан сыр шертетін қаланың жетекші мәдени орталықтарының бірі.
Музей қорында 40 мыңға жуық экспонат бар, олардың қатарында археологиялық олжалар, түрлі дәуірлердің этнографиясы мен тұрмыс бұйымдары, фотодеректер, бейнелеу өнерінің туындылары және Алматы қаласының мыңжылдық тарихын қамтитын бірегей топтамалар бар.
Ежелгі қоныс кезеңінен қазіргі мегаполиске дейінгі уақытты қамтитын экспозиция 11 тақырыптық залда орналасқан. Әкімге LED-экран, ақпараттық құрылғы, проекциялық жүйе және интерактивті кескіндеме сынды музейдің заманауи мультимедиялық шешімдері көрсетілді. Дархан Сатыбалды тарихи-мәдени мұраны сақтау мен мәдени нысандардың қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімділігін арттырудың маңыздылығын атады.