Алматы хайуанаттар бағы – 88 жылдық мерейтой!

Алматы хайуанаттар бағы – 88 жылдық мерейтой!

Бүгін Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты Алматы хайуанаттар бағының 88 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік шара аясында зообақ пен жоғары оқу орны арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісімнің басты мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жануарларға деген сүйіспеншілік пен қамқорлықты арттыру және ғылыми-білім беру жобаларын бірлесе жүзеге асыру.

Сонымен қатар, зообақ ақ аю Пурганың ресми қамқоршысы атанған жоғары оқу орнын таныстырды. Бұл бастама қоғамда жануарларға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Іс-шара барысында балалар арасында өткен суреттер байқауының жеңімпаздары марапатталып, оларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Сондай-ақ, «Жануарларға сыйлық сыйла» қайырымдылық акциясы бастау алды. Бұл акция әрбір қала тұрғынына хайуанаттар бағының тұрғындарына қамқорлық танытып, сыйлық тарту етуге мүмкіндік береді.

ҚР Президентінің жарлығымен 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланғанын ескере отырып, шара аясында Алматы қаласы Мәдениет басқармасының алғыс хаттары зообақтың еңбекқор қызметкерлеріне табыс етілді. Бұл марапаттар – олардың жануарларға деген сүйіспеншілігі мен адал еңбегіне берілген жоғары баға.

Биылғы мерейтой – зообақ ұжымының көпжылдық еңбегі мен табиғатты қорғауға қосқан зор үлесін айқындаған маңызды күн болды.

Алматы хайуанаттар бағы – табиғатты қорғау мен жануарларға қамқорлық мәдениетін қалыптастырудың үлгісі!