
Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен Республика күнін мерекелеу аясында Еуропаның мәдени астаналары – Эстонияның Таллин және Финляндияның Хельсинки қалаларында қазақ сахнасының бірегей өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтті.
Әйгілі Eesti Muusika ja Teatriakadeemia және Musiikkitalo концерт залында өткен шараға Эстония, Финляндия өкіметінің мүшелері, дипломатиялық өкілдіктер, кәсіпкерлер, қазақ диаспорасының өкілдері және осы елдерде тұратын қандастарымыз қатысты.
Эстонияда өткен шара барысында келген қонақтарға қазақ халқының ұлттық тағамдары ұсынылып, меймандарға бауырсақ, қазы, ұлттық сусындар және дәстүрлі дәмдер тарту етілді. Ал Финляндияда өткен концерт басында қазақтың киіз үйі тігіліп, Қазақстанның табиғаты мен мәдени мұрасын бейнелейтін фотосуреттер көпшілік назарына ұсынылды. Басты мақсат – Еуропа халқына қазақ мәдениеті мен тұрмыс-салтын таныстыру, қонақжайлық дәстүрін паш ету.
Мерекелік қабылдаудың ашылуы дәстүрлі түрде мемлекеттердің әнұрандарымен басталды. Іс-шара «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің орындауындағы «Қара жорға» күйімен жалғасын тапты.
Концерт барысында көрермендерге халық әндері мен күйлері, этно-рок бағытындағы заманауи туындылардың қазақы нақыштағы жаңа өңдеулері ұсынылды. Одан бөлек ұлттық аспаптардың сүйемелдеуінде әлемдік классикаға айналған туындылар орындалып, көрермен назарын ерекше аударды. Концертке келген қонақтар қазақтың сазсырнайы мен домбырасына, сыбызғысы мен жетігеніне деген қызығушылықтарын танытып, жылы лебіздерін білдірді.
Сахнада «Алматы әуендері» шығармашылық ұжымы мен «Алатау» дәстүрлі өнер театрына қарасты «Ұлытау» тобы өнер көрсетті. Шығармашылық ұжым қатарында «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, көп аспапшы музыканттар «Арқайым» нео-этно-фолк тобы, Жеңісәлі Ержанов және «Музарт Life» дуэті бар.
Екі елдегі Қазақстанның елшілері өз құттықтау сөздерінде шараның маңыздылығын, еліміздің 35 жылда жеткен жетістіктері мен тың өзгерістерін атап өтті. Эстониядағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Алтай Сейдірұлы Көлгінов, сондай-ақ Финляндиядағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Азамат Сәбитұлы Әбдірайымов Республика күнінің тарихи және рухани мәніне тоқталып, меймандарды ұлттық мерекемен құттықтады.
Финляндия көрерменін ерекше тәнті еткен сәт - «Сазген сазы» ансамблінің орындауындағы әйгілі «Карело-Финская полька» туындысы болды. Арнайы дайындалған бұл музыкалық тарту фин халқының жүрегіне жол тауып, зал толы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қазақ аспаптарының дауысы мен нәзік әуені Еуропалық тыңдарманға бұрын-соңды естілмеген жаңа әсер сыйлады.
Бұл тек мерекелік күн ғана емес, екі ел арасындағы мәдени байланыстың нығаюына себеп болар, достық пен өзара сыйластықтың айғағы болар айтулы оқиғаға айналды.