
Бүгін Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты Алматы зообағында Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз туры өтті. Журналистер мен блогерлер зообақтың жаңа тұрғындарымен және даму жоспарларымен танысты.
Биыл зообақ жануарларды көбейту бағытында үлкен жетістікке жетті — 31 түрден 87 төл дүниеге келді! Олардың қатарында амур жолбарыстары, ақ қасқырлар, кенгурулар, лемурлар және бұғылар бар.
Ең басты қуаныш — Хайка мен Бентли атты амур жолбарыстарының екі баласы дүниеге келді.
Алдағы уақытта коллекция АҚШ-тан әкелінетін тамандуа мен сауыттылар, сондай-ақ канадалық сілеусіндермен толықпақ.
Алматы зообағы жыртқыш құстарды — сақалтастарды, ақ иықты және ақ басты бүркіттерді, құзғындарды табысты өсіруімен әлемге танымал.
Қазір вольерлерді жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Ақ аю Пургаға жаңа кең үй дайындалуда, әрі оған халықаралық бағдарлама аясында серік таңдалмақ.
Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты Алматы зообағы еліміздегі жетекші табиғатты қорғау орталықтарының бірі болып қала береді және шетелдік зообақтармен ынтымақтастықты жалғастыруда.