
Еліміздің бірлігі мен тәуелсіздігінің нышанына айналған басты ұлттық мерекесі – Республика күні қарсаңында, Еуропаның мәдени астаналарында, қазақ сахнасының бірегей өнер жұлдыздарының қатысуымен салтанатты мерекелік концерт өтеді. Қазақстандық әртістер 30 қазанда Эстонияның Таллин қаласындағы Eesti Muusika- ja Teatriakadeemia концерт залында және 31 қазанда Финляндияның Хельсинки қаласындағы Musiikkitalo концерт залында өнер көрсетпек.
«Көшпенділер әуені» / «Rhythms of the Nomads» атты кеште өнерпаздар тамыры тереңге жайылған ұлттық мәдениетіміз бен заманауи бағытта жазылған музыка өнерін тоғыстырып, Еуропа халқына сан ғасырлық дәстүрлі ән-күйіміздің мұрасын паш етеді. Концерт аспаптардың сүйемелдеуімен орындалатын шығармалардың заманауи интерпретациясына қызығушылық танытатын көрермендерге – жас буын мен ересектерге арналған.
Концерт бағдарламасы халық әндерін, этно-рок бағытындағы туындылардың қазақы нақыштағы өңдеулерін, әлемдік классикаға айналған бірегей шығармаларды, ұлттық аспаптардың сүйемелдеуіндегі жеке орындауларды сонымен қатар көмеймен ән айту өнерін қамтиды.
Сахна төріне шығатын өнерпаздар:
Қазіргі заманғы және шетелдің классикалық шығармаларын ұлттық аспаптармен шебер орындайтын «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі;
Этно-рок жанрын әлемге танытқан әйгілі «Ұлытау» тобы;
Көп аспапшы музыканттар және көмеймен ән айту өнерін жетік меңгерген «Арқайым» нео-этно-фолк тобы;
«Алматы әуендері» КМҚК шығармашылық ұжымының жеке орындаушылары – Жеңісәлі Ержанов және «Музарт Life» дуэті;
Музыкалық-сахналық бағдарламада:
Қобыз, сазсырнай, дауылпаз, жетіген, шаңқобыз және басқа да дәстүрлі аспаптардың үні;
Көмеймен ән айту және этникалық вокал элементтері;
Әлемдік музыкалық шығармалардың интерпретациялары;
Этно-композициялар: «Tengir Azun», «Шүкір», және т.б.;
Қазақ эстрадасының танымал әндері;
Концерттің басты өзгешелігі – Еуропа тыңдармандарына танымал шығармалардың қазақ аспаптарында орындалуы. Астор Пьяццолланың әйгілі «Либертангосы» мен Иоганн Себастьян Бахтың «Токката ре минор» шығармасы ұлттық үн құралдарымен сүйемелденіп, жаңа тынысқа ие болмақ. Бұл туындылар қазақтың жетігені мен қобызының, шертері мен сыбызғысының мол мүмкіндігін айқын көрсетеді.
«Көшпенділер әуені» концерті қазақ музыка мәдениетінің көне дәстүрлері мен заманауи қырларын үйлестіре отырып, шетелдік тыңдарманға ұлттық өнердің байлығын паш етеді. Осылайша сағат 17:00-де басталатын концерт тыңдармандарға жаңа әсер қалдырары сөзсіз.