Алматы қаласында Халықаралық балаларды қорғау күнімен қала бүлдіршіндерін аңызға айналған жұлдыздар, атап айтқанда Майкл Джексон, Роза Бағланова, Фаррух Закиров, Ғарифолла Құрманғалиев және «МузАрт» триосы Мемлекеттік қуыршақ театры артистерінің ұсынуымен құттықтап, жарқын көңіл күй сыйлады. Орталық мәдениет және демалыс саябағында өткен «Bala Star Almaty» фестивалінің жарқын әрі интерактивті шоуы көрермендердің ықыласына бөленіп, қуаныш пен шаттықтың мекеніне айналды. Бойлы қуыршақтар, ұлттық билер, ертегі кейіпкерлері және артистердің бүлдіршіндермен байланыс орнатуы ұмытылмас әсер сыйлады.
Болашаққа деген арманға, достыққа, еңбекке, мәдениет және балалық шаққа арналған тақырыптық номерлер, караоке-шоулар және театр қойылымдарын қамтыған ауқымды фестиваль Алматы қаласы Мәдениет басқарамасының қолдауымен ұйымдастырылып, Қазақстан эстрадасының жұлдыздары мен жас таланттарды біріктірді. Үлкен сахнада балалармен бірге Роза Рымбаева, Диная, Жарқынай Ханайым, Айгүл Қосанова, Алсу Улуханова, Талғат Нұрасыл, Нағашыбай Мирас, сондай-ақ «BIBI студио», «Бозторғай», «Сармат», «Бахар», «GULDESTE» ансамбльдері, және де жас артистер Шерхан Арыстан, Абылай Төлепберген, Айбын Жарылқап, Ұлықбек Алина және тағы да басқалар өнер көрсетті. Саябақтағы мерекелік іс-шара жалғасуда. Сахна төрінде жас таланттар өнер көрсетіп, көрермендердің қошеметі мен қуанышына бөленуде.
Балалар арасында аквагрим, бұрым өру, шығармашылық шеберлік сағаттар ұйымдастырылып, интерактивті аймақтар ерекше танымал болды. Бұдан бөлек, алаңда танымал брендтермен жарқын коллаборациялар ұйымдастырылып, олар кішкентай қонақтарды тәттілермен, сусындармен және дәмді тосынсыйлармен қуантты. Осылайша мереке шын мәнісінде ғажайыпқа және ұмытылмас сәттерге толы болды.