Алматы қаласы тарихы музейі Freedom Ticketon Awards 2025 премиясының нұсқасы бойынша «Жыл музейі» атанды.
Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты мекеме 3 500 000 теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды. Бұл қаражат музей инфрақұрылымын дамытуға және жаңа ағартушылық бастамаларды жүзеге асыруға бағытталады.
Айта кету керек, бұл атақ үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, ҚР Мемлекеттік Орталық музейі, Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі, «Абай Жидебай-Бөрілі» музей-қорығы, «Шым қала» тарихи-мәдени кешені, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті орталығы сынды еліміздің ірі музейлері бақ сынасты.
Бұл байқаудағы жеңіс Алматы қаласы тарихы музейінің Қазақстандағы ұлттық мұра мен рухани құндылықтарды дәріптейтін жетекші орталықтардың бірі екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Айта кетсек, Алматы қаласы тарихы музейі – Алматы қаласы музейлер бірлестігінің құрамына кіреді. Бұған дейін Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы – TÜRKSOY өткізген іріктеудің қорытындысы бойынша Бірлестік Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Қазақстан музейлері арасында үздік деп танылып, түркі дүниесінің мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауға қосқан үлесі үшін Best Museum of the Turkic World марапатына ие болған еді.