Алматыда мәдениет саласында қандай жетістіктер бар: жаңа нысандардың құрылысы, гастрольдік сапарлар мен жаңа жобалар

Алматыда мәдениет саласында қандай жетістіктер бар: жаңа нысандардың құрылысы, гастрольдік сапарлар мен жаңа жобалар

Алматыда Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай шаһардың мәдени кеңістігіндегі серпінді дамулар мен тың бастамалар жайлы айтылды. Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев өнер мен руханият саласындағы жетістіктерді саралап, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Бүгінде еліміздің мәдени астанасы – Алматыда 12 театр, 35 көпшілік кітапхана, 25 музей, 20-ға жуық кинотеатр мен өзге де мәдени ошақтар жұмыс істейді. Алматы әкімдігіне қарасты мекемелер қатарында «Алатау» дәстүрлі өнер театры, Мемлекеттік қуыршақ театры, «Алматы әуендері» шығармашылық ұжымдары, Қазақ мемлекеттік циркі, 8 музейден тұратын Алматы музейлер бірлестігі, Мемлекеттік архив, Алматы хайуанаттар бағы мен Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне кіретін 28 кітапхана бар. Бұл ұйымдарда 2 мыңнан астам мәдениет қызметкері еңбек етеді. Өткен жылы олар Мәдениет басқармасымен бірлесіп 300-ден астам ірі іс-шара ұйымдастырды. Театр премьералары, халықаралық фестивальдер, ашық аспан астындағы концерттер мен көрмелері секілді алуан түрлі шараларды 1,6 миллионнан астам қала тұрғыны мен қонағы тамашалаған.

Алматыда сала қызметкерлеріне көрсетілген қолдау туралы

Соңғы жылдары Алматы мәдениетінің халықаралық деңгейде танылуы артып келеді. Қазақ мемлекеттік циркі араға 35 жыл салып алғаш рет шетелге гастрольдік сапар жасап, Душанбеде және Тбилисиде өнер көрсетті. Артистер Қытай мен Ресейдің үздік цирк мектептерінде тағылымдамадан өтіп, Еуропа елдерінде өткен фестивальдерде жүлделі орындарға ие болды. Тіпті Цирк артистері Гиннестің рекордтар кітабына енді. Алматыда 18 елден келген 80-нен астам артистің қатысуымен өткен II Almaty Circus Festival шарасы халықаралық ынтымақтастықтың айқын көрінісіне айналды. Қазіргі таңда цирк ғимаратының қайта жаңғыруына арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары басталды.

Мемлекеттік қуыршақ театры да халықаралық аренада үлкен табыстарға жетуде. Канадада өткен фестивальде Гран-при иеленген театр ұжымы Грузия мен Беларусьтегі мәдени байқаулардан да жүлделі оралды. Алматыда өткен Almaty Puppet Festival аясында Польша, Грузия, Түркия, Чехия, Болгария, Әзербайжан, Өзбекстан және Ресей театрлары өнер көрсетті. Соңғы онжылдықта алғаш рет театр ауқымды жаңғыртудан өтіп, биыл 90 жылдығын атап өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен театрға «академиялық» мәртебе берілетін болды.

Музейлер мен кітапханалар – жаңғыру мен серпіліс кезеңінде

Алматы музейлері былтыр жылы рекордтық көрсеткіштерге жетті. Қала музейлеріне 310 мыңнан астам адам келген, ал билет сатылымынан түскен табыс көлемі 85,5 млн теңгеге жетті. Қала әкімі Ерболат Досаевтың бастамасымен еліміздегі барлық оқушы музейлерге тегін кіру мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, Алматы музейлері шет елдерде көрмелер ұйымдастырып, сала қызметкерлері Корея, Түркия, Италия, Чехия мен Сингапурда тағылымдамадан өтті. Музейлер бірлестігі «Түркі әлемінің үздік музейі» аталымына ие болып, Қазақстан тарихында тұңғыш рет бұл мәртебеге қол жеткізді.

Көпшілік кітапханалар заманауи мәдени хабқа айналып келеді. Қазіргі таңда Алматы кітапханаларының 95%-ы жаңғыртылды. Бұл тек жөндеу жұмыстары емес, кеңістікті қайта құру, кітапхананы заманауи зияткерлік орталық ретінде жаңаша сипатта қалыптастыруды көздейді. Қазір қалада төрт кітапхана тәулік бойы жұмыс істейді, ал автономды кітапханалар – оқырманның өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндігін ұсынуда. Қала кітапханаларының қоры 1,3 миллион данадан асып, тек өткен жылы 96 мың жаңа заманауи кітаппен толықты.

Хайуанаттар бағы мен мәдени инфрақұрылым

Алматы хайуанаттар бағы да 37 жыл ішіндегі рекордтық көрсеткішке жетіп, бір жыл ішінде 1 миллионнан астам адамды қабылдады. Оның 250 мыңы – әлеуметтік осал топ өкілдері:: көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер, балалар үйінің тәрбиеленушілері және ерекше қажеттілігі бар балалар. Зообақты толық жаңғырту 2028 жылға дейін жалғасады. Жоба аясында жаңа вольерлер мен кешендер, ветеринарлық бөлім, дәріс залдары, инклюзияға бейімделген кіреберістер бой көтереді.

Алатау дәстүрлі өнер театры көрермендерден ерекше сұранысқа ие болды – былтырғы маусымда театр 62 мың көрерменді қабылдады. Қойылымдарда 20-дан астам қазақ халық аспаптарында тірі орындау қолданылды. «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс», «QULAN», «Алатау FM радиосы» және «Теміртас» спектакльдері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Театр биыл жаз айларында Мәскеудегі Чехов фестиваліне қатысып, Франциядағы Авиньон фестивалінде өнер көрсетуге дайындалуда. Сонымен қатар, Абайдың 180 жылдығы мен Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған қойылымдар әзірленуде.

Мемлекеттік архивтің материалдық-техникалық базасы да айтарлықтай нығайтылды. Соңғы он жылда алғаш рет жаңғыртудан өткен мекемеге заманауи жабдықтар мен 140 компьютер сатып алынды. 10 миллионнан астам парақ цифрлық форматқа көшіріліп, қалпына келтіру зертханасы ашылды. Архив бүгінде тарихи жадымызды сақтау мен ұрпаққа жеткізудің технологиялық орталығына айналуда.

Жаңа нысандардың құрылысы

Сонымен қатар, «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы 139 жас маман тұрғын үймен қамтысқан. Айта кетерлігі – 2023 жылдың тамызынан бастап 2 мыңнан астам мәдениет қызметкерінің жалақысы 30%-ға өсті.

Қазіргі таңда Н. Сац атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жуырда жастар театры мен жаңа көрме орталығының құрылысы басталады. Инклюзивті мәдениет үйінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Сонымен қатар, Боралдай қорғандарында Сақ мәдениеті орталығының құрылысы, ТМД елдері ішінде алғашқы Балалар ғылым музейі мен Observatorium музейінің ашылуы, Райымбек батыр кешенін музейлендіру мен Алматы музейінің жаңа экспозициясын қалыптастыру жұмыстары басталады. 2029 жылға дейін қалада өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесімен жабдықталған 20 жаңа кітапхана ашу көзделген.