«Ажарлы Алматы!» республикалық суретшілер байқауы туралы ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

1.1. Осы Ереже «Ажарлы Алматы!» республикалық суретшілер байқауын (бұдан әрі – Байқау) ұйымдастыру және өткізу тәртібін айқындайды.

1.2. «Ажарлы Алматы!» байқауы бейнелеу өнерін дамыту, суретшілердің шығармашылығын қолдау және Алматы қаласының көркем, ажарлы бейнесін қалыптастыру мақсатында өткізіледі.

1.3. Байқауды ұйымдастырушы – Алматы қаласының әкімдігі (бұдан әрі – Ұйымдастырушы).

1.4. Байқау Қазақстан Республикасының аумағын қамтиды, ал қорытындысы Алматы қаласында шығарылады.

Байқау келесі кезеңдерді қамтиды:

  • байқау жұмыстарының жасалу кезеңі;

  • өтінімдер мен байқауға ұсынылатын жұмыстарды қабылдау;

  • шығармаларды байқауға жіберу үшін іріктеу комиссиясының (қазылар алқасы) жұмысы;

  • жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтау;

  • жеңімпаздарды марапаттау рәсімі.

1.5. Байқауға қатысатын жұмыстарды қабылдау 2026 жылғы 7 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында, 2 кезең бойынша жүзеге асырылады:

1-кезең қатысушылар орта немесе жоғары көркемсурет саласындағы білімі туралы дипломының сканерленген көшірмесін, автордың портфолиосын және байқауға ұсынылатын жұмыстарының фотосуреттерін Ұйымдастыру комитетінің azharlyalmaty@gmail.com электрондық поштасына жолдайды.

2-кезең – 1-кезеңнен өткен қатысушылар қорытынды іріктеу үшін өз жұмыстарын Алматы қаласы, Достық даңғылы, 44 мекенжайындағы Алматы галереясына тапсырады.

1.6. Байқау өз туындыларында Алматы қаласының көркем бейнесін бейнелейтін заманауи авторларды қолдауға бағытталған.

1.7. Осы Ереже Байқаудың мақсаттары мен міндеттерін, қатысу шарттарын, ұйымдастыру және өткізу тәртібін, байқау жұмыстарына қойылатын талаптарды, оларды бағалау критерийлерін, сондай-ақ ұйымдастырушының, қазылар алқасы мүшелерінің және қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін айқындайды.

Дата публикации
06 августа 2026