
Халықаралық еңбек ұйымы шешімімен 28 сәуір Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні болып жарияланған.
Жыл сайын 28 сәуірде бүкіл әлемде Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні атап өтіледі. Бұл күн қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу мәселелеріне назар аударуға бағытталған. Аталған күн еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын, сондай-ақ жұмыс берушілер мен жұмысшылардың еңбекті қорғау талаптарын сақтау жөніндегі жауапкершілігін айқындайды.
Қауіпсіз әрі қолайлы еңбек ортасын қалыптастыру жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын сақтаудың, еңбек өнімділігін арттырудың және ұйымдардың тұрақты дамуының негізгі факторы болып табылады.
Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аясында Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаменті кәсіпорындарда еңбек ұжымдарымен түсіндіру жұмыстарын және кездесулер өткізетін болады.
Аталған іс-шараларды өткізу жұмыс берушілер мен жұмысшылардың жұмыс орнындағы психоәлеуметтік факторлардың маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыруға, еңбек ұжымдарында қолайлы ахуал қалыптастыруға, сондай-ақ стресс пен жанжал жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар, жұмыс берушілер мен кәсіпорындарды Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне арналған іс-шараларға белсенді қатысуға шақырамыз. Осы күнге орай еңбекті қорғау саласында атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, қауіпсіздік мәдениетін дамытуға бағытталған түрлі іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ түсіндіру және ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу ұсынылады.
Атап айтқанда, жұмыс берушілер өндірістік факторлардың, оның ішінде шудың, жұмысшылардың денсаулығына әсері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізе алады, сондай-ақ жазатайым оқиғалардың себептерін талдау және тәуекелдерді басқарудың тиімді жүйелерін енгізу бойынша іс-шаралар ұйымдастыра алады.
Сонымен қатар, өткізілетін іс-шаралар аясында еңбекті қорғаудың өзекті мәселелеріне арналған форумдар, дөңгелек үстелдер, көрмелер мен конференциялар ұйымдастырылып, проблемалық мәселелер талқыланып, мамандардың баяндамалары тыңдалып, еңбек жағдайларын жақсарту және өндірістік процестерді жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленуі мүмкін.
Өткізілген іс-шараларды жинақтау және талдау мақсатында олардың қорытындылары бойынша Департаментке ақпарат беруді сұраймыз.