Алматы оқушылары ауқымды музыкалық акция өткізді

Алматы оқушылары ауқымды музыкалық акция өткізді

Алматы қаласында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Бейбіт күн тілегі» атты патриоттық әнді 500 оқушы орындады.

Жас орындаушылар — Алматы қаласы Түрксіб ауданына қарасты №211 мектеп-гимназиясының оқушылары. Ұлы қазақ композиторы Шәмші Қалдаяқовтың, Қазақстанның Әнұранының сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңіне жазылған бұл ән бейбіт өмір мен ынтымаққа шақырады. Әсіресе, оның мағыналық тереңдігін сезіне білген балалардың орындағаны ерекше қуантады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, музыкалық акцияның мақсаты — оқушылардың ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, Отанға деген сүйіспеншілікті нығайту.

«Жеңіс күні — мемлекетіміздің тарихындағы маңызды оқиға. Осы айтулы күнге орай оқушылар бұл әнді орындап, қиын-қыстау кезеңдерде бізге Жеңісті сыйлаған ардагерлерге шынайы алғыстарын білдірді. Әннің сөзі мен әуені жүректі тербейді, оның мағынасы қазіргі ұрпақ үшін аса маңызды», — деді Түрксіб аудандық білім бөлімінің басшысы Жанна Жылкишина. Оқушылар өздерінің дауыстарымен, бірліктерімен және патриоттық рухымен көрермендердің жүрегіне жол таба білді.

Шара барысында мектеп ұжымы мен оқушылар Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, сондай-ақ жеңіске өлшеусіз үлес қосқан азаматтарды еске алды. Сонымен қатар, патриоттық тәрбие беру аясында мектепте Ұлы Отан соғысының тарихи фактілері мен маңыздылығына арналған сабақтар өткізілді.