Алматыда WorldSkills International құзыреттері бойынша WorldSkills Almaty-2025 кәсіби шеберлік бойынша X-шы Аймақтық чемпионат өтеді

Алматыда WorldSkills International құзыреттері бойынша WorldSkills Almaty-2025 кәсіби шеберлік бойынша X-шы Аймақтық чемпионат өтеді

Алматыда WorldSkills International құзыреттері бойынша WorldSkills Almaty-2025 кәсіби шеберлік бойынша X-шы Аймақтық чемпионат өтеді. Ауқымды іс-шара 2025 жылы 9-11 сәуір аралығында Тимирязев көшесі, 42 мекенжайындағы «Атакент» кешенінде (10-павильон) ұйымдастырылады. Іс-шараға кіру тегін. Чемпионатты тамашалап, қатысушыларға ақпараттық қолдау көрсетуге келіңіздер.

Чемпионатқа түрлі жұмысшы мамандықта оқып жүрген 200 колледж студенті қатысады. Олар білімі мен дағдысын мына бағыттарда көрсетеді: құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары, кірпіш қалау, плиткамен қаптау, сырлау және декоративтік жұмыстар, сантехника және жылыту жүйелері, электрмонтаждау, визуалды мерчендайзинг және витринистика, өнеркәсіптік автоматика, бизнеске арналған IT-шешімдер, веб-технологиялар, ақпараттық және кабельдік желілер, мобильді робототехника, электроника, жарық беру және жүйелік әкімшілендіру, инженерлік графика (CAD), наубайхана шеберлігі, графикалық дизайн, кондитерлік іс, мобильді қосымша әзірлеу, сән технологиясы, шаштараз өнері, жеңіл автокөлік жөндеу және қызмет көрсету, аспаздық және мейрамхана сервисі. Әрбір бағыт қатысушыларға шеберлігі мен ерекше қабілетін көрсетуге мүмкіндік береді.

Чемпионатты әділ бағалау үшін түрлі салада еңбек ететін 250-ден астам сертификатталған сарапшы мен жұмыс берушілер жұмылдырылған.

Чемпионат жеңімпаздары 2025 жылы қарашада Астанада өтетін WorldSkills Kazakhstan-2025 Республикалық чемпионатына қатысу құқығына ие болады. Сонымен қатар, олар 2025 жылы қыркүйекте Данияда өтетін EuroSkills Herning 2025 халықаралық чемпионатында Қазақстанның намысын қорғауға жолдама алады.

WorldSkills Almaty-2025 чемпионатының салтанатты ашылуы 8 сәуір күні сағат 15:00-де Нұркент шағын ауданы, 14а мекенжайында өтеді.

Чемпионаттың жабылу салтанаты – жеңімпаздарды марапаттау рәсімі – 14 сәуір күні сағат 15:00-де Достық даңғылы, 124 мекенжайындағы Оқушылар сарайында өтеді.

Чемпионаттың мақсаты – жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және кәсіби дағдыны дамыту. Бұл – жай ғана сайыс емес, қатысушылар үшін тәжірибе алмасатын және жаңа мүмкіндіктер ашатын бірегей алаң.