
Алматыда азаматтарының жаңа буынын тәрбиелеу мәселесіне арналған конференция өтті. Бұл шараға жетекші педагогтар, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, мектеп директорларының орынбасарлары мен білім саласындағы сарапшылар қатысты. Талқыланған басты тақырып – білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының қолдану кеңістігін арттыру. Бұл бағдарлама Қазақстанның жоғары моральдық құндылықтарымен болашақ көшбасшыларын қалыптастыруда стратегиялық маңызға ие.
«Адал азамат» бағдарламасы жастарда адалдық, әділдік, жауапкершілік және айналасындағы адамдарға, қоршаған ортаға деген құрмет сияқты негізгі моральдық принциптерді нығайтуға бағытталған. Бағдарлама балабақшалардан бастап университеттерге дейін барлық білім беру деңгейлерін қамтитын болады. Білім процесінде сынып сағаттары мен сабақтан тыс шаралар маңызды орын алады, олар этикалық нормаларды және оқушылар арасында әлеуметтік белсенділікті дамытуға бағытталады.
«Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында атап өткен еді.
Конференцияда оқушылар мен студенттерде көшбасшылық қасиеттерді қалыптастырудың практикалық әдістеріне ерекше назар аударылды. Бұл бастаманы жүзеге асыруда Білім басқармасымен бірге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультеті, жалпы және қолданбалы психология кафедрасы, Түркітану және алтайтануа ғылыми-зерттеу институты және «Мир через духовность» қоғамдық бірлестігі белсенді жұмыс істеуде. Олар педагогика, психология және әлеуметтік ғылымдар саласындағы терең білімдеріне сүйене отырып, болашақ көшбасшыларды тәрбиелеудің тиімді әдістері мен құралдарын әзірлеуде.
«Білім беру – тек қана оқыту емес, қоғамға пайдалы ойлайтын, еңбек етіп, іс-әрекет жасай алатын тұлғаны қалыптастыру. Осы конференцияда айтылған идеялар мен шешімдер тиімді педагогикалық әдістерді дамытуға, моральдық құндылықтарды күшейтуге және болашақ ұрпақтарды заман талабына дайын болуға негіз бола алады. Қазіргі таңда «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы барлық мемлекеттік білім беру мекемелерінде табысты жүзеге асырылуда. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасып, жеке білім ұйымдарын да қамтитын болады», – деді Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов.
Оқыту мен тәрбиелеуді интеграциялау мәселелерін талқылай келе, қатысушылар қоғамның барлық мүшелерін жас ұрпақты тәрбиелеу процесіне тартудың маңыздылығын атап өтті.