2023 жылғы 02 қарашада Алматы қаласы Білім басқармасы, қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы және «Dara» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты «№4 арнайы мектеп-интернаты» КММ-де инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын орта білім беру беру ұйымдарының педагогтеріне арналған «Білім берудегі инновациялар: тиімділік пен қолжетімділік жолдары» тақырыбы бойынша семинар-тренинг өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – семинарға қатысушыларды оқу пәндері бойынша көру қабілеті бұзылған балалармен сабақтағы жұмыс ерекшеліктерімен таныстырып, оқу материалын бейімдеуге бағыт-бағдар беріп, аталған оқушылар үшін білім алудың тең мүмкіндіктерін жасау болып табылады.
Семинар жұмысы Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Малгаждарова Бибигуль Тюлепбергеновнаның алғы сөзімен ашылды.
«Dara» қайырымдылық қорының өкілі, Алматы қаласы әкімінің мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықты қорғау және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі кеңесшісі Қасиет Омарова «Қазақстандағы инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы» тақырыбында сөз сөйледі.
Іс-шара барысында келесі мәселелер талқыланды: «Көру қабілетінде әртүрлі бұзылыстары бар балалардың көру жүйесінің жұмыс істеуі мен ерекшеліктері», «Көру қабілеті зақымдалған балалардың психофизиологиялық даму ерекшеліктері», «Ағылшын және география сабақтарында көру қабілеті зақымдалған оқушыларға арналған көрнекі оқу құралдары», «Көру қабілеті бұзылған балаларды оқытуда дидактикалық материалдарды қолдану ерекшелігі» және «Жеке оқу жоспарлары: оқушыларға бейімделген тәсіл».
Семинар-тренинг барысында қатысушы педагогтер арасында сабақ жүргізіліп, жеке тәжірибелік тапсырмалар, «Көру қабілеті нашар балаларға арналған ҚМЖ жобалау» атты топтық тапсырмалар орындалып, топтық талқылаулар, сабақта қолданылатын пәндік әдіс-тәсілдер жүргізіліп, тиімділігі талқыланды.
Қорытынды бөлімде семинарға қатысушылар тарапынан аталған тақырып бойынша қызу талқылау ұйымдастырылып, әріптестер өз пікірлерін жарыссөзде білдірді.