Алматы қаласы Оқушылар сарайының білім алушысы «Жас қанат. Балалар - 2023» байқауының жеңімпазы атанды

Алматы қаласы Оқушылар сарайының білім алушысы «Жас қанат. Балалар - 2023» байқауының жеңімпазы атанды

Алматыда тарихтағы тұңғыш Республикалық балалар шығармашылық «Жас қанат. Балалар – 2023» байқауы, 1 маусымда Республика сарайында өтті. Осы байқауда “Вокал” номинациясы бойынша Алматы қаласы Оқушылар сарайының тәрбиеленушісі Дастан Тұрдалы “Самал Тау” қазақ халық әнімен Гран-при иегері атанды. Енді ол шілде айында «Медеу» мұз айдынында өтетін «Азия дауысы» халықаралық фестивалінде Қазақстанның намысын қорғайды.

 

Жүлделі орындар төмендегідей бөлінді: 1-орынды Түркістан облысынан Зере Жүнісбай, 2-орынды Маңғыстаулық Әмина Асгатова және 3-орынды Ақтөбе облысынан Балым Нсаналы иеленді. Жеңімпаздарға алтын, күміс және қола қанаттардан бөлек, алдағы «Азия дауысы» халықаралық фестиваліне дайындық жұмыстары үшін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың ақшалай гранттары табыс етілді.

 «Гран-при алған кезде мен қатты қуандым және толқып кеттім. Музыкаға алғашқы қадамдарымды 3 жасымда бастаған едім, вокалға 5 жасымнан бастап бардым. Содан бері көптеген республикалық және халықаралық байқауларға қатыстым. Осындай жетістіктерге жетуіме ата-анам, Оқушылар сарайының ұстаздары көмектесті. Болашақта алған бетімнен қаутпай, өз кумирім Димаш аға сияқты стадиондарда, үлкен сахналарда өнер көрсетуді армандаймын», - дейді Дастан Тұрдалы.

Байқауды ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жас қанат. Балалар – 2023» аңызға айналған «Жас қанат» байқауының тарихындағы жаңа бағыт болмақ. Еліміздің барлық облыстарынан келген 22 үміткердің өнерін республикалық эстрада шебері Әлібек Днишев, «Жас қанат» байқауының бірінші Гран-при иегері Медеу Арынбаев, Жәния Аубәкирова, Байғали Серкебаев және басқа да белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері бағалады.

Байқауды құрылтайшылары және ұйымдастырушылар: Алматы қаласының әкімдігі, Алматы қаласының Мәдениет басқармасы, «Азия дауысы» Халықаралық фестивалі» Қоғамдық қоры.