Ерекше даусымен елді сүйсіндірген алматылық оқушы арнайы алғыс хатпен марапатталды

Ерекше даусымен елді сүйсіндірген алматылық оқушы арнайы алғыс хатпен марапатталды

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева Алатау ауданындағы №201 мектеп-гимназиясында болды.
Әсем Нүсіпова мен Ләззат Жылқыбаева мектепке сапары барысында 4 «Б» сынып оқушысы,бір күнде әлеуметтік желілерде ерекше даусымен танымал болған Әбдіәмит Айбармен танысып қайтты. Естеріңізге сала кетейік, «Алатау» креативті хабында өткен іс-шарада ол әнші Самат Жанғазинмен бірге «Ұстазым» әнін орындады. Бейнежазба 3 миллионнан астам қаралым жинады. Тыңдаушыларды таң қалдырғаны соншалық, кішкентай Айбарды дүйім жұрт Димаш Құдайбергеновке теңеді.
Алматы қаласы әкімдігі мен Білім министрінен дарынды оқушыға арнайы алғыс хат пен сыйлық табыс етілді.
Айта кетейік, Әбдіәмит Айбар - оқу үздігі. Ол көптеген олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпазы. Бос уақытында мектептегі спорт және актерлік үйірмелеріне қатысады.
Бүгінгі таңда № 201 Алатау ауданы бойынша ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын үздік мектеп болып табылады. 88 штаттық оқытушылардың 33-і магистранттар және IELTS халықаралық сертификатының иегерлері. Мектеп-гимназия директоры Арайлым Шамованың жетекшілігімен білім беру мекемесі республикалық деңгейде үздік нәтижелер көрсетуде. Мысалы, биылғы оқу жылында 11 сынып оқушылары IELTS халықаралық тестін тапсырып, 6.5, 7.0 жоғары балл көрсетті.
2022 жылдың желтоқсан айында қала әкімдігі ұйымдастырған TechCup робототехника және инновациялық технологиялар республикалық байқауында 11-сынып оқушылары IT-бизнес бағыты бойынша МETU университетінде 4 жыл тегін оқу грантын жеңіп алды.