Алматыда De Montfort University Kazakhstan халықаралық университеті ашылды

Алматыда De Montfort University Kazakhstan халықаралық университеті ашылды

ЖОО ректоры Дж. Паундер Алматы әкімі Б. Сағынтаевқа университет базасын тез арада құруға ықпал еткені әрі жеке қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.


Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев De Montfort University Kazakhstan университетінің ректоры Джеймс Паундермен кездесті. Тараптар жұмыстың перспективалық жоспарларын талқылады. Мәселен, оқу бағдарламасына АТ, креативті индустрия бойынша мамандықтар енгізіледі. Бұл бағыттарға Алматының 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясында ерекше көңіл бөлінген.

Бұл Қазақстанда оқытуға лицензия алған және үздік білім беру стандартын енгізу үшін құрылған алғашқы шетелдік университет. Түлектерге DMU Лестер Университеті (Ұлыбритания) дәрежесі беріледі.

«Біздің жастарымыз Алматыдан кетпей-ақ беделді жоғары оқу орнында жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болады. Қызығушылық білдіргендер аз емес. Бірінші курсқа 700 талапкер үміткер болды. Бакалавриатқа 145 студент түсті. Келесі жылдан бастап магистратура ашылады», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.

«Халықаралық жоғары оқу орнының Алматыда ашылуы мегаполисті әлемдік білім беру қалаларының қатарына қосады. Әлемге әйгілі университеттің құрылуы алты ай бұрын басталып, міне аяқталды. Бір кездері арман болған идея жүзеге асырылды», - деп хабарлады қала әкімі Б. Сағынтаев өзінің Facebook-тегі парақшасында.

De Montfort University Kazakhstan-да оқыту дәрістер, бейресми семинарлар, практикалық сабақтар, мастер-кластар, пікірталастар және онлайн оқыту арқылы жүзеге асырылады. Сабақтарды халықаралық деңгейдегі жоғары білікті оқытушылар өткізеді. Оқытуда болашақ менеджерлер мен кәсіпкерлердің практикалық дағдыларын тереңдетіп дамытуға ықпал ететін нақты бизнес-кейстер мен оқу тәсілдері қолданылады.

Университет бағдарламаларының негізгі модульдері: «Бизнесті қаржыландыру принциптері», «Кәсіпорынды дамыту», «Кәсіби табысқа жету үшін өзіңді тану және дамыту», «Түрлі мәдениеттердегі бизнес», «Стратегиялық менеджмент», «Ұйымдастырушылық контекстегі көшбасшылық және мәдениет», «Жобаларды басқару», «Халықаралық маркетинг».

Жалпы, университет Алматыда 20 млн доллар инвестициямен әлемдік деңгейдегі жеке кампустың құрылысын бастауға ниет білдіруде.