Қымбатты оқушылар және ата-аналар!
Құрметті ұстаздар!
Сіздерді 2020-2021 оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын! Пандемиямен және қашықтықтан оқытуға көшумен байланысты барлық қиындықтарға қарамастан, қалада жаңа күрделі жағдайларда білім беру процесін ұйымдастыру, мұғалімдердің оқушылармен және ата-аналармен тиімді өзара іс-қимылы үшін қажетті шаралар қабылданды.
Біздің ортақ күш-жігеріміздің арқасында биылғы оқу жылы да оқушылардың көптеген жетістіктері мен мұғалімдердің жеңістерімен атап өтілді.
Биыл алматылық оқушылар кезекті рет 16 жалпы білім беретін пән бойынша жыл сайынғы Республикалық олимпиадада 60-тан астам медаль жеңіп алып, 1-орынға ие болды, ал 11-сынып оқушылары жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша Президенттік олимпиаданың қорытындылары бойынша 8-ші рет үздік атанды.
Біз оқушыларымыздың жетістіктерін мақтан тұтамыз!
Қашықтықтан оқытуға көшу бойынша дайындық жұмыстарына белсенді қатысқаны және атқарылған жұмысы үшін қаланың барлық мұғалімдеріне жеке алғыс сөздер білдіреміз. Алматының 160-тан астам мұғалімдерінің қатысуымен республикалық «Еларна», «Балапан» телеарналары мен жергілікті «Алматы» телеарнасы үшін 3 мыңға жуық телесабақ түсірілді.
Сабақтарды өткізумен қатар, мұғалімдер оқу жылы бойы онлайн конференцияларға, семинарларға және конкурстарға белсенді қатыса отырып, өз бетінше білім алумен айналысуды жалғастырды.
Алматы педагогтерінің жоғары деңгейдегі көрсеткіштерінің бірі - № 90, 133 және 173 мектептердегі жас әріптестеріміздің Республикалық «Жаңа мектепке-жаңашыл ұстаз» байқауындағы жеңісі. Осы байқау қорытындысы бойынша қала мұғалімдеріне Гран-при және 1 орын, сондай-ақ «Дарынды мұғалім» арнайы номинациясы берілді.
Ата-аналар қоғамдастығының барлық өкілдеріне үлкен алғысымызды білдіреміз. Құрметті ата-аналар, көрсетіп жатқан қолдауларыңыз, білдірген түсініктеріңіз бен қарым-қатынастарыңыз үшін үлкен рақмет.
Бірақ ең жылы құттықтаулар, әрине, біздің барлық түлектерімізге арналған!
Биыл қаланың 278 мектебінде 11 мыңнан астам түлек оқуын аяқтады, олардың 642-сі «Алтын белгі» аттестатын алуға үміткерлер, тағы 758-і мектепті үздік бітірді!
Қымбатты түлектер! Сіздер мектептегі оқуларыңызды аяқтап, ересек өмірге қадам басқалы жатырсыздар! Алда сіздерді жаңа мақсаттар мен мүмкіндіктер күтеді!
Сіздерге зор денсаулық, амандық, алға қойған жоспарларыңыздың орындалуын және барлық бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!
Ақ жол, қымбатты түлектер!
Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы
Л.Ә. Жылқыбаева