
Биыл 9 ақпанда қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың (1931–1976) туғанына 90 жыл толып отыр. Атаулы күнге орай Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен бірқатар іс-шаралар өтеді.
Аталған іс-шаралардың басты мақсаты — Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығымен танысу. Ақын поэзиясының халыққа кең таралуының мәні және оның өміршеңдігінің сыры неде екенін таныту, өлеңдерін мәнерлеп оқып оқырман назарына ұсыну. Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бұл шараларда ақынның жан дүниесіндегі толқыныстар көрініс табады. М. Мақатаевтың поэзиясы оқылып, өлеңдеріне жазылған әндер шырқалатын қойылымдар ақын өмірінің кейбір сәттерін бейнелей отырып, көрерменді қуантады.
1-7 ақпан аралығында Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай, «Есіңе мені алғайсың» атты ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан республикалық онлайн байқауы өтеді. Аталған байқау ақын өлеңдерін сүйіп оқитын оқырман үшін тек өнерін көрсету ғана емес, сонымен қатар, демеушілер тағайындаған бір миллион теңгені ұтып алуға мүмкіндік береді. Байқаудың басты шарты ақиық ақынның шығармашылығынан бір туынды оқып, 1-3 мин аралығында бейнежазба түсіріп, Инстаграм парақшасына #Мақатаев90 хэштэгімен жүктеу керек. Толық ақпаратты @almatymadeniet (https://www.instagram.com/almatymadeniet/) Инстаграм парақшасынан білуге болады.