3 тоқсандағы оқу форматы бойынша ақпарат берілді

3 тоқсандағы оқу форматы бойынша ақпарат берілді

2021 жылғы 11 қаңтарда Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткізілген брифинг барысында Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Ляззат Жылқыбаева ағымдағы оқу жылының 3 тоқсанындағы оқытуды ұйымдастыру бойынша ақпарат берді.

Қазіргі таңда қалада жалпы 287 мыңнан астам оқушыларды қамтитын 276 орта білім беру ұйымы жұмыс істейді.

3 тоқсанда 1-5 сынып оқушылары ата-аналарының және заңды тұлғаларының өтініштері негізінде кезекші сыныптарда оқуды жалғастырады. Сондай-ақ, қазіргі уақытта 150 мемлекеттік мектепте 1235 кезекші сыныптарда 17735 оқушы және 34 жекеменшік мектепте 560 кезекші сыныптарда 7020 оқушы білім алуда.

№ 194 және № 197 мектептердің, сондай-ақ 35 жекеменшік мектептердің оқушы санының аз болуына байланысты оқыту штаттық режимде жалғастырылады.

Сонымен қатар, 3 тоқсаннан бастап 9 және 11 сыныптардың түлектері үшін аралас оқыту ұйымдастырылатын болады, атап айтқанда оқу пәндерінің 70% оффлайн режимінде оқытылса, қалған 30% қашықтықтан жүргізіледі.

Аралас оқыту форматына ауысуы 9, 11 бітіруші сыныптардың оқушыларын қорытынды аттестаттауға дайындаумен, ҰБТ және емтихандарды тапсырумен негізделген.

Алдын ала жиналған ақпарат бойынша 184 мектепте  9 сыныптардың 16314 оқушысын қамтитын 1205 сыныпта және 11 сыныптардың 8843 оқушысын қамтитын 698 сыныпта оқыту ұйымдастырылатын болады.

Оқушылардың аралас оқытуы санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың және бірқатар талаптардың, оның ішінде икемді кестені құру, дистанцияны қамтамасыз ету үшін ауысымдарды арттыру, 1-5 кезекші сыныптармен байланысты болдырмау, әр сыныптар үшін әр түрлі уақытта үзілістер ұйымдастыру, желдету, кварцтеу режимдерін жүргізу және басқа да талаптарды ескере отырып, ұйымдастырылатын болады.  

Оқушылар денсаулықтарының сақталуын және санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық білім беру ұйымдары дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз етілген.

Мектептердегі оқыту үрдісін ұйымдастыру кезінде санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптарды сақтау мәселесі тұрақты бақылауға алынған.