Өзгеге жол көрсеткен ұстаз Алматыда білім берудегі өзгерістердің көшін бастауға ұмтылған жас педагогтерді біріктірген «Almaty Ustazy» қалалық байқауының қорытындысы шығарылды

Өзгеге жол көрсеткен ұстаз Алматыда білім берудегі өзгерістердің көшін бастауға ұмтылған жас педагогтерді біріктірген «Almaty Ustazy» қалалық байқауының қорытындысы шығарылды

Өзгеге жол көрсеткен ұстаз

Алматыда білім берудегі өзгерістердің көшін бастауға ұмтылған жас педагогтерді біріктірген «Almaty Ustazy» қалалық байқауының қорытындысы шығарылды

Адам еңбегінің нәтижесі бірден көрінетін мамандықтар бар. Ал ұстаз еңбегінің жемісі көбіне жылдар өткен соң байқалады. Кеше ғана мектеп партасында отырған шәкірт ертең жауапкершілікті өз мойнына алып, өзгеге жол көрсеткенде, өз кәсібін ашқанда, зерттеуші, дәрігер, инженер болғанда немесе ең бастысы, адалдық пен адамға деген құрметті өмірлік ұстанымына айналдырғанда ұстаз еңбегінің шынайы мәні ашылады. Сондықтан педагогикалық жетістікті бір ғана көрсеткішпен немесе дипломмен өлшеу мүмкін емес.

16 қыркүйекте Алматыда қала әкімдігі мен қалалық Білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған «Almaty Ustazy» қалалық байқауының финалы өтті. Бұл күні бір алаңда мамандығын үнемі ізденіс пен алға ұмтылыс кеңістігіне айналдырған педагогтер бас қосты.

Байқау жас мұғалімдерді қолдауға, олардың кәсіби әлеуетін ашуға, тәжірибе алмасуына және білім берудегі заманауи тәсілдерді танытуына бағытталған. Алайда финал барысында бұл мақсаттардың аясында одан да терең мән жатқаны аңғарылды. Әр қатысушының артында сыныптағы күнделікті еңбек, жаңа шешімдерді іздеу, шәкірт алдындағы жауапкершілік және мектепті бала тек білім алып қана қоймай, ойлануды, сұрақ қоюды, өзіне сенуді үйренетін ортаға айналдыруға деген ұмтылыс тұр.

Байқаудың шешуші кезеңіне мегаполистің 11 үздік педагогі жолдама алды. Олардың әрқайсысы «Мен – көшбасшы мұғаліммін» тақырыбында авторлық жобасын ұсынып, заманауи мектеп пен ондағы ұстаздың рөлі туралы өз көзқарасын ортаға салды. Финалистер өздерінің білім беру тұжырымдамаларын көпшілік алдында қорғап, кейін «Ашық мінбер» форматында қойылған сауалдарға жауап берді. Бұл жерде алдын ала дайындалған мәтіннің тасасында қалу мүмкін емес еді. Мұнда кәсіби ұстаным, ой тереңдігі, пікірін дәлелдей білу қабілеті және ең бастысы, өз ісіне деген шынайы көзқарас бағаланды.

Финалдың жоғары деңгейін қатысушылардың кәсіби дайындығы мен ұсынған жобалары ғана емес, байқаудың өзіндік атмосферасы да айқындады. Жас педагогтер білім беру туралы ашық пікір айтуға, жаңа жолдар іздеуге және өзгерістерге жауапкершілікпен қарауға дайын екенін көрсетті. Өйткені үлкен өзгеріс кейде тұтас жүйеден емес, бір сыныптан, бір сабақтан, бір шәкірттен басталады.

Байқау қорытындысы бойынша «Almaty Ustazy» қалалық байқауының Гран-при жүлдесін М. Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейдің химия пәні мұғалімі Мықтыбек Танирберген Бақытжанұлы иеленді. Жеңімпазға 5 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталып, халықаралық білім беру тағылымдамасына қатысу мүмкіндігі беріледі.

Шетелдік тағылымдамадан өту мүмкіндігіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, А. Байтұрсынұлы атындағы №139 мектеп-гимназиясының педагогі Мухамет Амина Қойшыбекқызы, тарих пәнінің мұғалімі, М. Дулатов атындағы №136 мектеп-гимназиясының педагогі Ермеккалиев Айбар Утемуратович, физика пәнінің мұғалімі, «Жаңа Ғасыр» №175 гимназиясының педагогі Эркинова Шахноза Нодирқызы, география пәнінің мұғалімі, №122 жалпы білім беретін мектептің педагогі Танатарова Орынша Сәкенқызы, биология пәнінің мұғалімі, №53 мектеп-гимназиясының педагогі Азирбаева Кырмызы Ильяскызы және ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, №206 мектеп-гимназиясының педагогі Әлімқазы Еркемай Талғатқызы да ие болды.

Бұл есімдердің әрқайсысының артында өз мектебі, өз шәкірттері, кәсіби ізденісі мен қалыптасу жолы бар. Бір ұстаздың жолын пәніне деген сүйіспеншілік айқындаса, енді бірін қалыптасқан сабақ беру тәсілін жаңартуға деген ұмтылыс алға жетелейді. Ал үшіншісі шәкіртке білім арқылы өз болашағына жол табуға көмектесуді мақсат етеді. Алайда барлығын біріктіретін ортақ қасиет бар. Ол – заман өзгерісінен шет қалмай, білім берудің жаңа талаптарына сай үнемі ізденуге деген ұмтылыс.

«Almaty Ustazy» біртіндеп жас педагогтер тәжірибе алмасып, кәсіби тұрғыдан шыңдалып, өз идеяларын еркін ұсына алатын маңызды кәсіби алаңға айналып келеді. Мұнда мұғалімдер өз жетістігін көрсетіп қана қоймайды. Олар кәсіби диалогқа түсіп, бір-бірінен үйренеді, заманауи әдістемелер мен білім беру технологияларын игереді. Ең бастысы, мектептің дамуы, ең алдымен, ұстаздың үздіксіз дамуынан басталатынына көз жеткізеді.

Ұстаз болу – өзгеге жол көрсету ғана емес, сол жолды бірге жүріп өту. Шәкірттің бойындағы қабілетті байқап, оның өз күшіне сенуіне мүмкіндік беру. Білімге деген қызығушылығын оятып, адамдық қасиеттерін қалыптастыру. Сондықтан ұстаз еңбегінің ең үлкен бағасы – марапаттан бұрын, оның шәкіртінің жүрегінде қалдырған ізі.

Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі Ұстаздар күні қарсаңында Республика сарайында өтеді. Бұл кеш педагогтерге олардың еңбегі мен мамандыққа деген адалдығы үшін шынайы алғыс білдіретін ерекше сәтке айналмақ.