Алматы педагог кадрларын даярлау және тарту бағытында жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты күшейтуде

Алматы педагог кадрларын даярлау және тарту бағытында жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты күшейтуде

Алматы қаласының Білім басқармасы еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Ынтымақтастық Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен, SDU University, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетімен және «De Montfort University»-мен орнатылды.

Меморандумдардың негізгі мақсаты – Алматы мектептерінің өзекті қажеттіліктерін ескере отырып, педагог кадрларын даярлаудың тиімді жүйесін қалыптастыру, жас мамандарды қолдау және олардың қаланың мемлекеттік білім беру ұйымдарына жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасау.

Ынтымақтастық аясында:

🔹 болашақ педагогтерді даярлау сапасын арттыру;
🔹 студенттердің педагогикалық практикасы мен академиялық ұтқырлығын дамыту;

🔹 жоғары оқу орындары түлектерінің Алматының мемлекеттік білім беру ұйымдарына жұмысқа орналасуына жәрдемдесу;
🔹 оқушылармен бірлескен кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізу;
🔹 ғылыми-зерттеу және әдістемелік жобаларды іске асыру;
🔹 педагогтердің кәсіби құзыреттерін арттыруға бағытталған бірлескен іс-шаралар өткізу көзделген.

Жаңа серіктестік жоғары және орта білім беру жүйелері арасындағы байланысты нығайтып, болашақ педагогтер үшін «жоғары оқу орны – практика – жұмысқа орналасу – кәсіби даму» бағытындағы тиімді кәсіби траекторияны қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Алматыдағы білім беру ұйымдарының желісі кеңейіп, білім беру инфрақұрылымы жаңарып жатқан қазіргі кезеңде білікті педагог кадрлармен қамтамасыз ету ерекше маңызға ие. Жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық педагог мамандығының жастар арасындағы тартымдылығын арттыруға да ықпал етеді.