Алматыда жаңа оқу жылына арналған білім беру саласының негізгі басымдықтары айқындалды

Алматыда жаңа оқу жылына арналған білім беру саласының негізгі басымдықтары айқындалды

Республика сарайында Алматы педагогтерінің дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Биылғы конференция «Алматы – білім мен инновация орталығы: жаңа халықтық Конституция құндылықтары негізінде адами капиталды дамыту» тақырыбына арналды. Іс-шара жаңа оқу жылы қарсаңында қаланың педагогтер қауымын біріктіріп, білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді.

 

Тамыз конференциясы Алматыдағы білім беру сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби әлеуетін дамыту, тәрбие жұмысын жетілдіру, цифрлық трансформация және заманауи білім беру технологияларын енгізу мәселелерін талқылауға арналған кәсіби алаңға айналды.

 

Конференцияның негізгі тақырыбы – білім беру арқылы адами капиталды дамыту. Бұл ретте конституциялық және ұлттық құндылықтарды мектеп мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналдыруға ерекше мән берілді. Әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық пен отансүйгіштік сияқты қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңірумен қатар, білім беру нәтижелерін арттыру, функционалдық сауаттылықты, цифрлық құзыреттер мен ХХІ ғасыр дағдыларын дамыту міндеттері белгіленді.

 

Іс-шара аясында Алматының білім беру ұйымдарының жетістіктері мен озық тәжірибелері ұсынылған мультимедиялық көрме ұйымдастырылды. Көрмеде Халықаралық бакалавриат мектептерін дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу бойынша пилоттық жобалар, педагогтердің шетелдік тағылымдамалары, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлектері, мектепке дейінгі білім берудің заманауи тәсілдері, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту бағыттары таныстырылды.

 

Пленарлық сессия барысында «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбы талқыланды. Сессияға отандық және халықаралық сарапшылар қатысты. Олардың қатарында ғалым, профессор Еркін Дүйсенов, академик Асқар Жұмаділдаев, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Еркеболат Нұржігітов, Қытай Халық Республикасының өкілі Никки Чен және Ananya Mishra бар.

 

Конференцияның маңызды бөлігі – білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген үздік педагогтерді марапаттау рәсімі болды.

Алматы қаласы әкімінің Алғыс хатымен білім беру жүйесінің 10 қызметкері марапатталды. Олардың қатарында 10 жылдан 40 жылға дейінгі еңбек өтілі бар ұстаздар, жалпы білім беретін мектептер, лицейлер, колледждер мен білім беру ұйымдарының өкілдері бар.

Сонымен қатар, қаланың үздік білім беру ұйымдары анықталды. 2026 жылы Алматының үздік орта білім беру ұйымы – Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназиясы деп танылды. Білім беру ұйымына Алматы қаласы әкімінің 68 млн теңге көлеміндегі грантының сертификаты табысталды.

Ал техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің үздік ұйымы – Алматы технологиялық колледжі атанды. Колледжге материалдық-техникалық базаны және оқу процесінің ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етілуін жетілдіруге арналған 68 млн теңге көлеміндегі грант сертификаты табысталды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық наградаларымен білім беру саласының 13 өкілі марапатталды. Олардың қатарында көп жылғы еңбегімен танылған, жоғары кәсіби шеберлік көрсетіп жүрген педагогтер бар.

Марапатталғандардың арасында ұстаздық жолын білім саласына арнаған ардагер педагогтер де бар. «Еңбек ардагері» құрметті атағына 45 жылдық еңбек өтілі бар екі педагог ие болды. «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен жеті білім беру қызметкері, ал «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен төрт педагог марапатталды.

Тамыз конференциясы жаңа оқу жылы қарсаңындағы кәсіби диалогтың маңызды алаңына айналып, Алматының білім беру жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған ортақ басымдықтарды айқындады. Басты міндет – жоғары білім нәтижелерімен қатар, білім, құндылық, заманауи технология және педагогтің кәсіби шеберлігі үйлесім тапқан заманауи мектеп қалыптастыру.

Конференция соңында қазақстандық өнер жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама өтті.