
2026 жылғы 12 мамыр күні Алматы қаласы Білім басқармасының Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Заманауи білім беру кеңістігіндегі өнер мен технология: мүмкіндіктері және дамудың жаңа бағыттары» тақырыбындағы халықаралық форумның І-ші күні өтті. Ауқымды іс-шараға 300-ге жуық қатысушы қамтылды.
Форумның мақсаты – білім беру кеңістігінде өнер мен заманауи технологияларды ықпалдастырудың өзекті мәселелерін талқылау, білім сапасын арттыруға бағытталған тиімді тәжірибелерді насихаттау, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту және халықаралық тәжірибе алмасу.
Халықаралық форумға Қытай, Италия, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары, білім беру ұйымдарының басшылары, әдіскерлер, педагогтер, қолөнер шеберлері және қосымша білім беру педагогтері қатысты.
Форум аясында XXI ғасыр дағдыларын білім мазмұнына кіріктіру, виртуалды және цифрлық технологияларды пайдалану, жасанды интеллект құралдарын білім беру үдерісіне енгізу, цифрлық сауаттылықты дамыту, ұлттық өнер мен мәдени мұраны сақтаудағы цифрлық технологиялардың рөлі секілді өзекті бағыттар талқыланды.
Сондай-ақ халықаралық сарапшылардың қатысуымен NFT және цифрлық өнер, AI дәуіріндегі өнер мен техниканы ықпалдастыру, онлайн-платформалар арқылы көркем білім беруді дамыту, 3D-дизайнның білім берудегі мүмкіндіктері тақырыптарында тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылды.
Форум бағдарламасы көрме, шығармашылық көрсетілімдер, ұлттық сән үлгілерінің дефилесі және өнер ұжымдарының концерттік бағдарламаларымен толықтырылды. Бұл алаң педагогтер мен сарапшылар арасында кәсіби диалог орнатуға, инновациялық идеялармен алмасуға және заманауи білім беру жүйесінің жаңа даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.