
Алматыда XI Өңірлік «WorldSkills Almaty — 2026» чемпионаты жалғасуда
Бүгін, 26 наурызда, XI Өңірлік кәсіби шеберлік «WorldSkills Almaty — 2026» чемпионатының екінші жарыс күні өтуде. Алматы қаласы Әкімдігінің қолдауымен Қалалық Білім басқармасы ұйымдастырған үш күндік турнир 25 наурызда «Атакент» КЦДС (№11 павильон) және қала колледждерінің алаңдарында басталды.
Чемпионатқа 7 бағыт бойынша топтастырылған 57 құзырет бойынша сайысатын 470-тен астам колледж студенті қатысуда. Байқау жұмыстарын бағалауды 500-ден астам сертификатталған сарапшы жүргізуде, олардың үштен бір бөлігі – жұмыс беруші кәсіпорындардың өкілдері.
Турнирдің екінші күнінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов арнайы келіп, жарыс барысымен танысты, қатысушылар мен сарапшылармен әңгімелесті, сондай-ақ студенттер құрылыс, ақпараттық технологиялар, дизайн және басқа да құзыреттер бойынша шеберліктерін көрсетіп жатқан чемпионат алаңдарын аралады.
Ертең, 27 наурызда, жарыстың соңғы күні өтеді. Чемпионаттың салтанатты қорытындысын шығару және жабылу рәсімі 30 наурыз сағат 15:00-де Оқушылар сарайының Акт залында (Достық даңғылы, 114) жоспарланған. Жеңімпаздар қараша айында Астанада өтетін WorldSkills Kazakhstan 2026 республикалық кезеңінде Алматы қаласының намысын қорғауға жолдама алады.
Чемпионаттың өткізілуі жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және Мемлекет басшысы жариялаған Жасанды интеллект және цифрландыру жылы аясында адами капиталды дамытуға ықпал етеді.