
Алматыда жылдың басты кәсіби чемпионаты басталады
25–27 наурыз аралығында Алматыда жас кәсіби мамандардың ауқымды сайысы — XI аймақтық «WorldSkills Almaty – 2026» чемпионаты өтеді.
Бұл — Қазақстан білім беру жүйесінің әлеуетін көрсететін маңызды алаң әрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жасанды интеллект және цифрландыру жылы аясындағы міндеттерге берілген нақты жауап. Чемпионат жұмысшы шеберлігінің дәстүрлері мен заманауи технологияларды ұштастырып, еліміздің болашағын бүгінгі кәсіби мамандар қалыптастыратынын дәлелдейді.
Қала колледждерінің 470-тен астам үздік студенті 57 құзыреттілік бойынша (оның ішінде 43-і «Атакент» алаңындағы негізгі сахнада, 14-і колледж базаларында) өз шеберліктерін көрсетеді. Бұл — өңір экономикасының нақты көрінісі: құрылыс пен IT-ден бастап көлік пен білім саласына дейінгі бағыттарды қамтиды. Қатысушылардың жұмыстарын 500-ден астам сертификатталған сарапшы бағалайды. Олардың үштен бірі — нақты сектор өкілдері, жұмыс берушілер.
Чемпионатта қатысушылар үшін тең мүмкіндіктерге ерекше мән беріледі. Іс-шара аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер арасында Abilympics International стандарттары бойынша («Сән технологиясы» құзыреттілігі) байқау өтеді. Бұл — таланттың ешқандай жағдайға тәуелді еместігінің жарқын дәлелі.
Чемпионат алаңдарында «Менің болашақ мамандығым» атты кәсіптер жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Оған 9-сыныптың 12 мыңнан астам оқушысы қатысып, өз болашақ жолын айқындай алады.
Жарыстар 25–27 наурыз күндері «Атакент» Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орталығының көрме кешенінің №11 павильонында өтеді. Мұнда қызу жұмыс жүріп, жеңімпаздар анықталып, чемпионаттың басты жаңалықтары жасалады.
Жеңімпаздар Астана қаласында өтетін «WorldSkills Kazakhstan 2026» республикалық чемпионатында Алматы намысын қорғау құқығына ие болады.
Финал және жабылу салтанаты 30 наурыз, сағат 10:00 Оқушылар сарайы (Достық даңғылы, 114)