Алматы колледжінің студенттері Германия зауыттарында тағылымдамадан өтуде

Алматы колледжінің студенттері Германия зауыттарында тағылымдамадан өтуде

Бүгін, 2026 жылғы 3 наурызда, Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Мұқажанова ТжКБ өкілдерімен кездесіп, неміс компанияларымен ынтымақтастықтың алғашқы нәтижелерін талқылады.

Алматы электромеханика колледжінің базасында 2024 жылдан бері немістің дуальды оқыту жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Осы жұмыстың нәтижесінде Janser Consult GmbH, BARMER, KROMER GmbH және Германияның басқа да жұмыс берушілерімен меморандумға қол қойылды.

Негізгі жетістіктер:
· Екі студент «Jens Kromer GmbH» (Германия) компаниясына 3 айлық тәжірибеден өтуге жіберілді.
· Колледждің тағы 16 білім алушысы сұхбаттан өтіп, сапарға дайындалуда.
· Тілді меңгерген бір түлек неміс тарапымен тікелей еңбек келісімшартына отырды.
· 9 түлекті жұмысқа орналастыру туралы келісімге қол жеткізілді.
· Келесі аптада студенттердің «Мерседес-Бенс» (СТЕРНАВТО) өкілдерімен онлайн кездесуі жоспарланған.

Білім басқармасы бұл ынтымақтастық қазақстандық білім берудің халықаралық кеңістікке кірігуіне ықпал етіп, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыратынын атап өтті.