Алматы педагогы Татьяна Белоусова – әлемдегі ең үздік 50 мұғалімнің қатарында

Алматы педагогы Татьяна Белоусова – әлемдегі ең үздік 50 мұғалімнің қатарында

Алмалы ауданына қарасты №95 мектеп-лицейінің педагог-шебері Белоусова Татьяна Геннадьевна әлемдегі ең үздік 50 мұғалімнің қатарына еніп, Global Teacher Prize 2026 беделді байқауының ТОП-50 финалисті атанды.

Бұл – теңдессіз жетістік, жоғары кәсібилік пен өз ісіне шексіз берілгендіктің айқын дәлелі. Бұл биікке жету жолы ұзақ әрі күрделі болды: әлемнің 139 елінен ұсынылған 38 000 өтінімнің ішінен алдымен 5 000, кейін 100, соңында ең мықты 50 үміткер іріктеліп алынды. Солардың қатарында – біздің Татьяна Геннадьевна бар!

Оның педагогикалық еңбек өтілі – балалар мен білім беру ісіне арналған 41 жылдық мінсіз қызмет. Артында – Қазақ ұлттық университетінің химия факультетін тәмамдауы, Беларусь Республикасындағы М.Танк атындағы БМПУ магистратурасы және National Teacher Prize Kazakhstan 2024 байқауының жеңімпазы атағы бар.

2025 жылдың күзінде тапсырылған байқау сауалнамасы 15 мазмұнды эсседен және ауқымды портфолиодан тұрды: бейнефильм, әріптестерінің, мектеп директорының, серіктестерінің пікірлері және ең бастысы – әлемге танымал түлектердің ұсыныстары. Татьяна Геннадьевнаны ұсынғандардың қатарында АҚШ-тағы Йель университетінде сабақ беретін Сергей Дергунов пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD докторы Дарья Можаева бар.

Татьяна Геннадьевна – Қазақстан мектептерінде оқытылатын 7–11-сыныптарға арналған химия оқулықтарының авторларының бірі, сондай-ақ 1999 жылдан бері ҚР Ұлттық тестілеу орталығында тапсырма құрастырушы және сарапшы. Оның шәкірттері олимпиадаларда тұрақты түрде жеңіске жетіп келеді. Сонымен қатар ол заманауи ағартушы-педагог ретінде Аружан Саин жетекшілік ететін «Мектеп Online» ұлттық білім беру жобасында онлайн сабақтар өткізеді.

2026 жылғы 1–5 ақпан аралығында Дубайда (БАӘ) өтетін Дүниежүзілік білім беру форумында байқау финалистерін марапаттау рәсімі ұйымдастырылады. Бұл шарада Татьяна Белоусова Алматы қаласының және бүкіл Қазақстанның білім беру жүйесінің атынан қатысады.

Бұл жаһандық жетістік – көпжылдық еңбектің, оқытудағы инновациялық тәсілдердің және өз мамандығына деген шексіз сүйіспеншіліктің заңды нәтижесі. Алматы қаласы өз ұстазын мақтан тұтады. Татьяна Геннадьевнаға финалда жеңіс, жаңа жетістіктер мен шабыт тілейміз!