Алматы қаласындағы мектеп директорлары KPI негізінде басқаруға үйретілуде

Алматы қаласындағы мектеп директорлары KPI негізінде басқаруға үйретілуде

Мектептің тиімділігін қалай өлшеуге және алынған деректерді нақты басқарушылық шешімдерге қалай айналдыруға болады? деген өзекті сұрақты Алматы қаласы Білім басқармасы мен Қалалық білім берудегі жаңа  технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы (ҚББЖТҒӘО) бірлесіп ұйымдастырған «Тәлімгерлік мектебі» бағдарламасы аясында өткен әдістемелік семинар-практикумға қатысушылар талқылады.

Іс-шара басқару тәжірибесі 3 жылға дейінгі жас мектеп директорларының, сондай-ақ кадрлық резервтегі болашағы зор басшылардың құзыреттерін дамытуға арналған тәжірибелік алаңға айналды. Негізгі назар заманауи менеджмент құралдарына, соның ішінде жалпы білім беретін ұйымдарға бейімделген тиімділіктің негізгі көрсеткіштері (KPI) жүйесіне аударылды.

«Бүгінгі таңда мектепті табысты басқару – бұл деректер мен нақты өлшемдерге негізделген басқару. Біздің мақсатымыз – басшыларға тек статистикалық мәліметтерді жинауды ғана емес, оларды талдап, білім беру сапасын арттыру, ұжымның ынтасын көтеру және стратегиялық жоспарлау үшін тиімді пайдалануды үйрету», – деп атап өтті ҚББЖТҒӘО-ның  ғылыми-әдістемелік жұмыс бөлімінің әдіскері Айман Бигалиева.

Теориялық бөлім аясында қатысушылар стратегиялық және операциялық басқарудың негіздеріне терең үңіліп, білім беру сапасын ішкі мониторингтеу жүйесін құру қағидаттарын меңгерді. Сарапшылар дұрыс әрі сауатты қалыптастырылған KPI тек бақылау құралы ғана емес, сонымен қатар кері байланыс пен қолдау тетігі екенін, ол даму барысын объективті бағалауға және басқару бағытын уақытылы түзетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Семинардың басты ерекшелігі – оның практикалық бағыттылығы болды. Интерактивті сессия барысында қатысушылар:

  • Тиімділік көрсеткіштерін енгізудің нақты кейстерін талдады;
  • Басқаруда жиі кездесетін жағдаяттарды модельдеп, оңтайлы

шешу жолдарын іздестірді;

  • Өз тәжірибесінде жібермеу үшін типтік қателіктерді саралады;
  • Білім беру үдерісінің сапасына, педагогтердің нәтижелілігіне және

мектептің ұзақ мерзімді тұрақты дамуына бағытталған KPI әзірлеу бойынша нақты әдістемелік ұсыныстар алды.

«Алған білімім басқарушылық ойлауды жүйелеуге көмектесті. Енді мен күнделікті жұмыс, өлшенетін мақсаттар мен мектептің жалпы миссиясы арасындағы нақты байланысты көріп отырмын. Бұл – ұжыммен тиімді диалог орнату мен даму жоспарын құруға арналған құнды құрал», – деп әсерімен бөлісті № 127 мектептің жас директоры Цой Раиса Вадимовна.

Мұндай семинарларды өткізу – Алматы қаласы Білім басқармасы мен ҚББЖТҒӘО тарапынан қалалық білім беру жүйесінің кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Деректерге негізделген басқару мәдениетін қалыптастыру шешімдердің ашықтығы мен негізділігін арттырып, түпкі нәтижесінде әр алматылық оқушы үшін білім сапасының жоғарылауына ықпал етеді.

Алматы қаласы Білім басқармасы мен Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы мегаполис білім беру ұйымдарының қызметіне заманауи басқару құралдары мен үздік тәжірибелерді енгізуге бағытталған кәсіби кездесулер сериясын алдағы уақытта да жалғастыратын болады.