
2025 жылдың 9 желтоқсанында Астанадағы Qazaqstan көпфункционалды спорт кешенінде WorldSkills Kazakhstan 2025 10-шы Ұлттық чемпионатының нәтижелері жарияланды. Алматы құрамасы алғаш рет медальдық есепте бірінші орынды иеленді.
Биыл WorldSkills Kazakhstan чемпионаты 15 жаңа құзыретті қамтумен кеңейтілді. Чемпионатқа еліміздің 20 өңірінен 719 сарапшы мен 825 студент қатысты. Алматыдан 44 құзырет бойынша 52 сайыскер мен 44 сарапшы қатысты.
WorldSkills Kazakhstan 2025 қорытындысы бойынша өз құзыреттері бойынша жоғары деңгейде шеберлік танытқан үздіктердің үздіктері анықталды.
Сонымен, алматылық команданың жалпы саны:
* 5 алтын,
* 5 күміс,
* 3 қола медаль,
* 19 ерекшелік медальоны.
Медаль саны бойынша Алматы жалпы есепте бірінші орын алды!
Чемпионат Қазақстан Президенті жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында өтті және техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің беделін арттыруға бағытталған.
Алматы қаласының әкімдігі қала колледждерінің ұжымын құттықтап, жас мамандарға жарқын болашақ пен жаңа жеңістер тілейді.
Естеріңізге сала кетейік, ұлттық чемпионаттың ашылу қарсаңында қала әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов Алматы командасымен қоштасып, команда капитанына Алматы қаласының туын табыс етті. Ол жас мамандарды жеңіс үшін білімдері мен таланттарын көрсетуге шақырды.