
2025 жылғы 28 қарашада, Жұмысшы кәсіптер жылы аясында және ТиПО жүйесінде жүзеге асырылып жатқан дуальды оқыту формасы бойынша Алматы қаласының Білім басқармасы мегаполис колледждерінің студенттері өндірістік тәжірибеден өтетін кәсіпорындарға баспасөз турын ұйымдастырды.
Баспасөз туры барысында Алматы автомобиль және сән индустриясы колледжінің студенттері әлеуметтік серіктес – «КазСПО-N» ЖШС-нің базасында тігін ісі бойынша өз дағдыларын көрсетті. Бұл компания – жеңіл өнеркәсіп нарығындағы әлеуметтік бағдарланған және технологиялық тұрғыдан дамыған қатысушылардың бірі.
Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің (АМБК) студенттері жас мамандардың өндірістік және сервистік үдерістерге интеграциясының үлгісін көрсетті. АМБК-нің әлеуметтік серіктесі болып табылатын **Grand Zina** мейрамханасының өкілдері мансаптық мүмкіндіктер мен еңбек шарттары туралы айтты. АМБК-нің өндірістік оқыту шебері Мейіржан Әлімтайқызының айтуынша, дуальды оқыту арқылы колледж елімізде сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын одан әрі дамытуға және қолдауға ниетті.
Журналистер сондай-ақ «Детский мир Алматы» ЖШС-де өндірістік тәжірибеден өтіп жатқан Алматы технологиялық колледжінің (АТК) студенттерінің жұмысын бақылауға мүмкіндік алды. Жалпы, АТК 68 кәсіпорынмен – әлеуметтік серіктестермен келісімшарт жасасқан. Дуальды оқытумен 784 студент қамтылған, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша – 614 студент, ақылы негізде – 170 студент.
Баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері жас кадрлардың кәсіби өсуіне бағытталған тәлімгерлік бағдарламаларымен, сондай-ақ Алматы қаласының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртудың нақты нәтижелерімен танысты. Колледждердің әлеуметтік серіктестерінің қаланың экономикасы үшін білікті кадрлар даярлауға қосқан үлесін бағалады.
«Колледж студенттерінің оқуды кәсіпорындардағы тәжірибемен ұштастыруға ұмтылуы қуантады. Осылайша, жастар баға жетпес кәсіби тәжірибе алып, қазіргі уақытта өз дағдыларын қолдана отырып, еңбек нарығында бағдарлана алады. Ал қаланың экономикасы үшін бұл – бәсекеге қабілетті мамандарды қалыптастырудағы маңызды үлес», – деді Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов.
Айта кетейік, 2024–2025 оқу жылында Алматы колледждерін 25 908 білікті маман аяқтады. Түлектердің жұмыспен қамтылған және еңбекке орналастырылғандары – 24 434 адам, бұл 94,3%-ды құрайды. Дуальды оқытуда 770 кәсіпорын жұмыс істейді, олар 71 мамандық пен мемлекеттік тапсырыс бойынша оқып жатқан 23 мыңнан астам студентті қамтып отыр.