«Алматының жыл мұғалімі» конкурсы және грантты тағайындау жайлы ақпарат

«Алматының жыл мұғалімі» конкурсы және грантты тағайындау жайлы ақпарат

Алматы қаласының Білім басқармасы қаланың әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың тапсыруымен және қолдауымен орта білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне «Алматының жыл мұғалімі» құрметті атағын беру үшін конкурс өткізіп отыр. Бұл конкурс қоғамда педагог мәртебесін көтеруге, кәсіби және әлеуметтік келбетін қалыптастыруға, талантты мұғалімдерді анықтау, оларға қолдау көрсету мен марапаттауға, педагогикалық шығармашылыққа ынталандыруға бағытталған.

Конкурстың негізгі міндеттері: мұғалімдердің  шығармашылық мүмкіндіктерін ашуға, педагогтік шеберлігін танытуына жағдай туғызу; жас ұрпақтың бойында ұлттық рухани кодтың қалыптасуын, ұлттық бірегейліктің сақталуын қамтамасыз ететін тәрбиелік әлеуеті жоғары педагогикалық тәжірибені зерделеу; оқушының санасы айқын, бәсекеге қабілетті тұлғасын  қалыптастыратын инновациялық тәжірибені анықтау; оқушы бойында сындарлы ойды, функционалдық сауаттылықты қалыптастыратын озық тәжірибені насихаттау; бәсекеге қабілетті, тәжірибелі және табысты мұғалім мәртебесін көтеру.

Конкурс үш кезеңде өткізілді: мектепішілік, аудандық және қалалық.

Конкурстың мектепішілік кезеңінде 205 мектепте 709 мұғалім қатысты. Екінші кезеңге әрбір мектеп 2 жеңімпаздан ұсынды. Екінші кезеңге қатысқан мұғалімдердің саны 410 болды. Қалалық кезеңге әрбір аудан үздік 5 мұғалімге дейін ұсынды. Сонымен, Алматының үздік жыл мұғалімі атағына 36 үміткер мұғалім қатысуда.

 Конкурстық комиссия педагогикалық, психологиялық және әдістемелік саланың ғалымдарынан, республикалық «Үздік педагог» конкурстарының жеңімпаздарынан, ардагер-ұстаздардан, жаңашыл-педагогтер, әдіскерлерден және қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен құрылды.

Конкурста ең алдымен әрбір мұғалімнің өз пәнін қаншалықты білетіндігін тексеру мақсатында олимпиада өткізілді. Сонан соң кәсіби қызметі жолындағы қала, республика, халықаралық деңгейдегі жетістіктері бағаланды. Әрі қарай мұғалімнің педагогтік қызметінде басшылыққа алатын әдіснамалық, әдістемелік және технологиялық негіздемелері талданды. Соңында сол негіздемелердің сабақта және тәрбие жұмысында қаншалықты жүзеге асырылып жатқандығы талданды. Конкурсқа қатысушылардың еңбегі осындай жүйемен жан-жақты бағалануда.

Конкурстың Гран-При иегеріне «Алматының жыл мұғалімі» құрметті атағы және төсбелгісі беріледі. Жүлделі орындарға ие болған Конкурс қатысушыларына диплом, құнды сыйлықтар беріледі және біржолғы ақшалай сыйақы төлемдері  төленеді.

Әкімнің екі конкурсының сыйақы қоры 40 млн тг құрады.

Конкурстың Бас жүлдесі мен «Алматының жыл мұғалімі» құрметті атағын №133 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Чукеева  Макпал Кайыргалиқызы иеленді. Қала әкімі оған «Алматы Сити 2» жаңа тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды.

Сонымен бірге Чукеева  Макпал Кайыргалиқызы 2020-2021 оқу жылында Алматы қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарады.

Конкурста бірінші орынды М.Макатаев атындағы №140 мектеп-гимназиясынгың тарих пәнінің мұғалімі Сагынгалиев Даурен  Наурызбайұлы иеленді. Қала әкімі оған 2020 жылғы Хюндэй Ассент автокөлігінің кілтін тапсырды.

Конкурстың екінші және үшінші орындарын және сәйкесінше 2 млн и 1 млн тг бірреттік сыйақыны №174 мектеп-гимназиясының ағылшын тілі мұғалімі Алмабаева  Гульнур Ислямгазықызы мен Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  Дусимбаева Мөлдір Үсенқызы иеленді.   

№36 гимназияның математика пәнінің мұғалімі Сұлтанқұлов Алтынбек Мұрзатайұлы «Конкурстың ең жас қатысушысы», №59 мектеп-гимназияның биология пәнінің мұғалімі Ибраимова Бакыт Тасболатқызы «Конкурстың ең тәжірибелі қатысушысы», №34 гимназияның бастауыш сынып мүғалімі  Петрова Ирина  Сергеевна «Конкурста өз пәнінің білгірі» номинациялары мен 100 000 тг сыйақыны иемденді.

Әкімнің арнайы грантының жеңімпаздары болған 10 педагогтің әрбіріне қаламыздың әкімі Бахытжан Әбдірұлы Сағынтаев  100 000 теңгеден бір реттік ақшалай сыйақы тапсырды.

Педагогтердің «Ұстаз» қалалық кәсіподағының төрағасы С.К.Байгуттинов «Алматының жыл мұғалімі»  конкурсына қатысушылардың әрбіріне Мадақтау парағы мен 50 000 тг  ақшалай сыйақы тапсырды.