Алматы мектепке дейінгі білім беру әлемін біріктірді: халықаралық диалог пен жобалық тәжірибедегі инновациялар.

Алматы мектепке дейінгі білім беру әлемін біріктірді: халықаралық диалог пен жобалық тәжірибедегі инновациялар.

2025 жылғы 23–24 қазанда Алматы қаласында «Мектепке дейінгі білім берудегі кросс-мәдениет жобалары: елдер арасындағы тәжірибе алмасу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Мақсаты – мектепке дейінгі білім беру саласындағы жобалық қызмет бойынша халықаралық тәжірибе және озық тәжірибелермен алмасу, педагогтер, ғалымдар мен сарапшылар арасында кәсіби диалог орнату.

Іс-шара алаңын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұсынды.

Mosaic Global Pte Ltd мектепке дейінгі ұйымы мен Алматы қаласы Білім басқармасы арасындағы меморандум аясында Сингапурдан әріптестер келді.

Іс-шараға Өзбекстан, Түркия, Германия, Польша, Ресей, Беларусь елдерінен спикерлер, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры, Балаларды ерте дамыту институтының директоры, Қазақстан Республикасының 13 өңірінен келген білім басқармаларының 35 өкілі, сондай-ақ Шымкент, Ақтау қалалары мен Павлодар облысының әдістемелік орталықтарының өкілдері қатысты.

Конференцияны Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы С.Сайфединов ашты. Ол Сингапурден келген шетелдік спикерлерге және барлық қатысушыларға білім беру сапасын арттыруға деген белсенді ұстанымдары мен ұмтылыстары үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар, бұл іс-шараны университет базасында өткізуге мүмкіндік жасағаны үшін Абай атындағы ҚазҰПУ ректорына ерекше ризашылығын жеткізді.

Іс-шараға жалпы 400-ге жуық адам қатысты. Конференция барысында жобалық әдістердің өзектілігі мен мектепке дейінгі білім беру саласында жасанды интеллектіні қолдану мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, онлайн форматта 300-ге жуық педагог пен сарапшы қосылды.

15 балабақшада жобалық студиялар ұйымдастырылып, онда қатысушыларға жобалар мен жобалық қызмет аясындағы жұмыс нәтижелері таныстырылды.

Конференция мектепке дейінгі білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті. Оның қорытындысы бойынша тәрбие мен оқыту сапасын жобалық қызмет арқылы арттыруға бағытталған ұсынымдар қамтылған резолюция қабылданды.