Алматы қаласындағы №174 мектеп-гимназияда «Адал азамат – адал еңбек» бағдарламасы аясында қайырымдылық марафоны бастау алды. Бұл игі бастама оқушылардың бойында еңбексүйгіштік, мейірімділік және жауапкершілік қасиеттерін дамытуға бағытталған жобаның бір бөлігі. Шара барысында мектеп ауласында үлкен қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған 800-ге жуық оқушы қатысты. Әр сынып өз қолымен түрлі тағамдар мен тәттілер пісірді. Оқушылар өз еңбегімен қаражат жинап, түскен қаржыны «35 игі іс» марафонының аясында жүзеге асатын әлеуметтік және қайырымдылық шараларына бағыттамақ. Бұл – қарияларға көмек көрсету, мұқтаж отбасыларға қолдау білдіру, табиғатты қорғауға арналған экологиялық бастамаларды іске асыру секілді ізгі істердің жалғасы болмақ.
«Марафонның мақсаты - әр оқушыны қоғамға пайдалы болуға, адал еңбек етуге, мейірімділік пен жанашырлықтың құндылығын түсінуге баулу. Сонымен қатар, шара арқылы оқушылар командалық жұмысқа бейімделіп, өз еңбегінің нәтижесін жақсылық жолына жұмсаудың қуанышын сезінеді.» ,- дейді №174 мектеп-гимназия директорының міндетін атқарушы Алма Оразбаева.
Бұл жоба «Адал азамат – адал еңбек» бағдарламасының негізгі қағидаттарына сай жүзеге асып отыр. Бағдарлама шеңберінде мектепте жыл бойы адалдық, еңбекқорлық, жауапкершілік пен патриоттық тәрбиеге бағытталған түрлі іс-шаралар жалғасады.
«Біз биыл төртінші жыл қатарынан осы жәрмеңкені ұйымдастырдық. Бірақ ерекшелігі сол, биыл ауқымы кең. 200 мың теңгеге жуық қаражат жинадық. Осы бастамамыз арқылы барлығын қайырымдылыққа баулығымыз келеді.»,-деп бөлісті 11-сынып оқушысы Әбдірахман Қайрат.
№174 мектеп-гимназия оқушылары «35 игі іс» марафонын әрі қарай насихаттап, жақсылық жасауды әдетке айналдырмақ.