Алматы Әкімі мұғалімдердi Ұстаздар Күнімен құттықтады

Алматы Әкімі мұғалімдердi Ұстаздар Күнімен құттықтады

2025 жылғы 3 қазанда Республика сарайында Ұстаздар күніне орай салтанатты шара өтті.

Салтанатты рәсімде Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қала ұстаздарын кәсіби мерекесімен құттықтап, «Almaty Ustazy» мен «Алматы қаласының 2025 жылғы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы» конкурстары байқауының нәтижелері бойынша жүлделер табысталды.

2025 жылғы наурыз-қыркүйек айларында педагог мәртебесін арттыру, жас ұстаздардың талантын және шығармашылық әлеуетін анықтау, озық инновациялық тәжірибені тарату мақсатында Алматы қаласының 36 жасқа дейінгі жас педагогтері арасында «Almaty Ustazy» қалалық байқауы өткізілді.

Байқауға 216 мектептен 700-ден астам жас педагог қатысты.

Финалға математика және информатика, жаратылыстану, бастауыш білім, тіл мен әдебиет, адам және қоғам салалары бойынша жеті жеңімпаз шықты. Оларға халықаралық білім беру тағылымдамасынан өтуге сертификаттар табысталады. Гран-при иегері 5 млн теңге көлемінде сыйақы алды.

2025 жылғы мамыр-маусым айларында педагогтер мен білім беру ұйымдарының басшыларының кәсіби әрі жеке дамуын ынталандыру, тиімді педагогикалық және басқарушылық тәжірибені айқындау және тарату мақсатында алғаш рет «Алматы қаласының 2025 жылғы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы» конкурсы өткізілді. Байқауға 19 колледж қатысты. Әрбір ұйымның қызметі 28 критерий және 28 көрсеткіш бойынша талданды. Байқаудың жеңімпазы болып «Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі» КМҚК (директоры – Жабықбаев Нұрдәулет Жақыпбекұлы) анықталды. Колледж ұжымы 68 (алпыс сегіз) миллион теңге (ең төменгі жалақының сегіз жүз еселенген мөлшері) көлемінде Алматы қаласы әкімінің грантын иеленді. Қаражат білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасын жақсартуға және оқу үдерісінің ғылыми-әдістемелік қамтылуына бағытталады.

Салтанатты рәсімде Алматы қаласының білім беру саласында көп жылдар бойы табысты еңбек етіп келе жатқан педагогтерге ведомстволық наградалар табысталды.

Мереке қазақ эстрада жұлдыздарының концертімен жалғасты.